Израиль билігіне Түркиямен соғысқа дайын болуға кеңес берілді
Жарияланған күні:
Қауіпсіздік мәселесімен айналысатын Нагель комитетіндегілер Израиль Осман империясын қалпына келтіруге ұмтылған Түркиямен тікелей қақтығысқа дайын болуы керек деп мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жергілікті The Jerusalem Post газетіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Басылым осындай мәліметті Нагель комитетінің есебіне сүйене отырып таратқан. Израиль үкіметі осы комитетті былтыр тамызда қорғаныс бюджеті мен қауіпсіздік стратегиясын сараптаумен айналысатын комиссия ретінде құрған.
Мекемедегілердің мәлімдеуінше, Түркияның Осман империясы кезіндегі ықпалын қалпына келтіру ұмтылысы Израильмен қарын-қатынасының шиеленісуіне алып келуі мүмкін. Оның соңы ашық жанжалға ұласуы ғажап емес.
Баяндамада Сирияда Асад жүйесі құлағаннан кейін сириялық фракциялардың Түркиямен бірігу қаупі артып, ол Израиль қауіпсіздігіне жаңа әрі айтарлықтай қауіп төндіреді деп жазылған.
"Сирия жақтан келетін қауіп Иран жақтан төнген қауіптен де асып түсуі мүмкін", - деп жазылған баяндамада. Комитет мамандарының пікірінше, Түркия қолдап отырған күштер аймақтағы тұрақсыздықты пайдаланып қалуға ұмтылады.
Сол себепті комитет елдің қорғанысқа арналған жылдық бюджетін алдағы бес жылда 15 млрд шекельге (2,1 трлн теңге) дейін арттыруды ұсынды.
Комитет есебі Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға, қорғаныс министрі Исраэль Кацқа, қаржы министрі Бецалель Смотричке жолданған.
"Біз Таяу Шығыста өзгерістер болып жатқанын байқап отырмыз. Иран ұзақ уақыт бойы біздің басты қаупіміз болып келді, бірақ сахнаға жаңа күштер шығып жатыр, сол себепті біз оған да дайын болуымыз керек. Осы баяндама бізге Израиль болашағын қамтамасыз етуге арналған жол картасын дайындауға көмектеседі", - деп мәлімдеді Нетаньяху.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы желтоқсанда Израиль Сирияға шамамен 480 соққы жасап, осы елдің теңіз флотын "бір түнде жойғанын" мәлімдеген.
Өткен айда Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған ислам әлемі елдерін Израильді оқшаулауға шақырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2209148-izrail-biligine-turkiiamen-sogysqa-daiyndalu-kerektigin-eskertti/