Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2024 жылы әлемді елең еткізген маңызды халықаралық оқиғалар

Жарияланған күні:

Коллаж 2024
Коллаж: KAZ.NUR.KZ

2024 адамзат тарихы үшін айтарлықтай ауыр жыл болды. Ғарышты игеру, жоғары технология, жасанды интеллект салалары әжептәуір ілгері дамығанына қарамастан, осылардың бәрі үздіксіз соғыс, саяси дағдарыс, диктатуралардың құлауы секілді саяси маңызды оқиғалар тасасында қалып қойып жатты. Енді солардың бірқатарына тағы бір мәрте көз жүгіртіп өтейік.

Ресей-Украина соғысы: Авдеевка үшін күрес, Курскіге басып кіру, зымырандар айқасы

Халықаралық қауымдастықтың Украинадағы жанжалды бейбіт жолмен реттеуге қатысты үміті биыл да ақталмады. Тарихта "жарияланбаған соғыс" деген атпен енген қарулы шайқас үш жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жүріп жатыр.

Украинаның Львов қаласындағы зират
Львов қаласындағы зират. Фото: Michael Sorrow/Anadolu via Getty Images

2024 жылы украин майданында ірі шайқастар мен әскери тактика тұрғысынан алғанда айтарлықтай елеулі өзгерістер болды. Мәселен, украин күштері 17 ақпанда екі жыл бойы аянбай қорғаған Авдеевка қаласын тастап кетуге мәжбүр болды. Киев оны тактикалық шегініс деп атаса, Ресей билігі майдандағы ірі жеңісі ретінде жарнамалады.

Алайда 6 тамызда Украина қарулы күштері күтпеген жерден Ресей шекарасын бұзып кіріп, Курск облысының әжептәуір аумағын басып алды. Тамыздың ортасына қарай украин күштері Ресейдің осы облысында шамамен 1 мың шаршы шақырым жерге бақылау орната алды.

Ресей армиясының Курск облысын тез арада қайтарып алу талпынысы қайта-қайта сәтсіздікке ұшырап, осы бағыттағы майданда Солтүстік Корея көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. АҚШ, Оңтүстік Корея және Украина барлау қызметтерінің мәліметінше, КНДР Ресейге 11 мыңға жуық жауынгер мен әскери техника берген.

Украинаның Запарожье облысындағы атқыштар батальоны
Запарожьедегі атқыштар батальоны: Ukrinform/NurPhoto via Getty Images

Ресей-украин соғысындағы тағы бір маңызды бетбұрыс - АҚШ президенті Джо Байденнің Киевке америкалық баллистикалық зымырандарын Ресей аумағын атқылауға қолдануға рұқсат беруі. Артынша Ұлыбритания билігі де дәл осындай шешім қабылдағаны мәлім болды. Осылайша, майданға америкалық ATACMS, британиялық Storm Shadow қанатты зымырандары араласа бастады.

Ресей де жауабын көп күттірген жоқ. Кремль осы уақытқа дейін жұмбақ болып келген "Орешник" деп аталатын қуатты зымыранын іске қосты. Соғыстың үш жылдығы жақындаған уақытта Украина мен Ресей арасындағы жанжал жойқын қарулардың теке-тіресіне айналып бара жатқаны бүкіл әлемді уайымдатып отырғаны рас.

Жаңа жыл қарсаңында от шашып ойлаған палестиналық балалар
Палестиналық балалар. Фото: EYAD BABA/AFP via Getty Images

Қанға бөккен Таяу Шығыс: жарылғыш пейджерлер, Хания ажалы, Асадтың ақыры

2024 жылы Таяу Шығыста болған оқиғаларды бір сөзбен сипаттау мүмкін емес. Онсыз да әлемнің ең қатерлі жерлерінің бірі саналатын аймақ биыл атыстан, жарылыстан, соғыстан көз ашқан жоқ. Әлемдік қауымдастың қатаң сынына қарамастан, Израиль Газа секторындағы әскери операциясын жалғастыра берді.

31 шілдеде ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханияның Иранда өлтірілуі Таяу Шығыстағы жағдайды одан сайын ушықтырды. Иран билігі Израильден кек алуға ант берді. Ливандағы "Хезболла" ұйымы ХАМАС-пен бірге Израильді атқылады.

Күзде Таяу Шығыстағы ұрыс барысын түбірімен өзгерткен тосын бір оқиға болды - 17 қыркүйекте Ливанда мыңдаған пейджер жарылып, 12 адам қаза тапты, үш мыңнан аса адам жараланды.

Ол пейджерлерді "Хезболла" ұйымының мүшелері байланыс құралы ретінде пайдаланған. Кейін мәлім болғандай, Израиль барлау қызметі құпия операцияны бірнеше ай бойы дайындапты. Олар пейджерлердің қуат көзіне жарылғыш орнатқан, мұндай қулықты хезболлалық содырлар сезбей қалған.

Пейджерлердің көмегімен-ақ жасалған шабуылдың өзі "Хезболланы" психологиялық тұрғыда есеңгіретіп тастады. Ал 1 қазанда Израиль күштері Ливанға басып кірді. Әбден титықтаған "Хезболла" 26 қарашада Израильмен атысты доғару жөніндегі келісімге отыруға мәжбүр болды.

Сирия Асад режимінің құлауын атап өтіп жатыр
Асад режимінің құлауын тойлаған сириялықтар. Фото: Emin Sansar/Anadolu via Getty Images

Бұл уақытта әлем сахнасында он жылға жуық уақыт еленбеген сириялық қарулы бүлікшілердің Дамаскіге жорығы басталған. 30 қарашада олар Сириядағы екінші ірі қала - Алеппоны бағындырды.

Осы уақытқа дейін Ресей күштеріне арқа сүйеп келген Башар Асад үкіметі бүлікшілер жорығына айтарлықтай қарсылық көрсете алған жоқ. Небәрі екі аптаның ішінде қарулы оппозиция астанаға да жетіп, 8 желтоқсанда Дамаск қаласына кірді.

Сөтіп Сирияны жарты ғасырға жуық уақыт билеп-төстеген Асад әулеті құлады. Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашты - Мәскеу оларға саяси баспана берген.

Башар Асад жүйесі құлағанымен, Сириядағы азамат соғысы аяқталып, бейбітшілік орнады деуге әлі ерте. Мәселен, Израиль күштері елдегі соны өзгерістерді пайдалана отырып, Сириямен арадағы буферлік аймаққа басып кіріп, сонда қыстайтын болып шешті. Сирияның басқа да аймақтарында Дамаскіде құрылған жаңа үкіметке бағынбайтын күштер жетерлік.

Грузия астанасындағы наразылық
Грузия астанасындағы наразылық. Фото: Mirian Meladze/Anadolu via Getty Images

Грузиядағы толқулар: еуроинтеграция мен ресейшіл билік теке-тіресі

2024 жыл Грузия үшін айтарлықтау ауыр болды - ел қатарынан бірнеше ай бойы жаппай наразылықтан көз ашқан жоқ. Оған биліктің 15 сәуірде шетел агенттері туралы заң жобасын парламенттен өткізуі себеп болды. Оппозиция, сонымен бірге Батыс елдері осы құжатты Ресейде бірнеше жыл бұрын қабылданған заңның көшірмесі деп есептейді.

Батысшыл президент Саломе Зурабишвилидің ықпалы да, Тблиси көшелеріне жиналған мыңдаған халық та ресейшіл биліктің көздегеніне кедергі жасай алмады.

26 қазандағы парламент сайлауында "Грузин арманы" партиясы жеңіске жетті деп жарияланды. Оппозициялық партиялар мен президент оның нәтижесін мойындамады. Грузия тағы толқыды. Бірнеше күнге созылған наразылық күшпен басылды.

Тбилисидегу наразылық акциясы
Тбилисидегу наразылық акциясы. Фото: Davit Kachkachishvili/Anadolu via Getty Images

Бір ай өткен соң, 28 қарашада премьер Ираклий Кобахидзе еуроинтеграциядан, яғни Грузияның Еуроодаққа қосылу саясатынан бас тартатынын мәлімдеді. Биліктің мұндай шешімі тағы да ондаған мың адамды алаңға алып шықты. Бір аптаға созылған жаппай наразылық белсенділерді ұрып-соғумен, қамаумен, қудалаумен аяқталды. Еуроодақты аңсаған белсенділер "ресейде оянғанын" мойындады.

"Темірді қызған кезде соқ" ұстанымымен жақсы таныс билік батысшыл президентті де қызметінен алды. 14 желтоқсанда Грузия тарихында алғаш рет президентті халық емес, сайлаушылар алқасы сайлады. 29 желтоқсанда Саломе Зурабишвили резиденцияны Михаил Кавелашвилиге босатып беруге мәжбүр болды, бірақ кетіп бара жатып "Грузин арманы" партиясын "елді құрдымға жіберді" деп сынады.

Президент резиденциясында отырмаса да, Саломе Зурабишвили әлі де болса өзін Грузияның "заңды президентімін" деп есептейді.

Оңтүстік Корея кәсіподағының наразылық акциясы
Оңтүстік Корея кәсіподағының наразылық акциясы. Фото: Chris Jung/NurPhoto via Getty Images

Оңтүстік Кореядағы саяси дағдарыс: әскери режим және импичмент

3 желтоқсанға қараған түні бүкіл әлем назары Оңтүстік Кореяға қарай ауды - президент Юн Сок Ёль елде әскери режим жариялады. Кейін мәлім болғандай, билік осы әрекеті арқылы парламенттегі оппозиция күштеріның мысын осындай шешімі арқылы баспақ болған.

Алайда мұндай режим бар болғаны алты сағатқа ғана созылды. Армияның 300 жауынгері күзетіп тұрғанына қарамастан, Ұлттық ассамблея ғимаратына басып кірген депутаттар президент жарлығының күшін жойды. Жойып қана қойған жоқ, мемлекет басшысының өзіне импичмент жариялайтынын ашық айтты.

Оңтүстік Кореяда жаппай наразылық акциялары өтіп жатқан уақытта, халық қолдауына ие болған оппозиция он күн дегенде президент Юнге қарсы импичментті парламенттен өткізді. Мемлекет басшысы қызметтен шеттетілді. Оған елден шығуға тыйым салынды. Президент міндетін уақытша атқару премьер Хан Док Суға жүктелді.

Алайда елдегі саяси дағдарыс мұнымен біте қойған жоқ. Оппозициялық күштер Хан Док Суға да қарсы импичмент жариялап жіберді. Себебі билік басындағы күштер әлі де болса әскери режим жариялауға, сол арқылы мемлекетке опасыздық жасау ісін тергеуге бөгет жасауға талпынып жатыр. Соған қарамастан, 31 желтоқсанда Сеул соты қызметтен шеттетілген президент Юнды қамауға алу жөнінде ордер шығарды.

Бұл елдегі саяси дағдарыс әлі тағы бірнеше айға созылатын сыңайлы.

Дональд Трамп
Дональд Трамп. Фото: Chip Somodevilla/Getty Images

АҚШ президентін сайлау: Трамп жеңісі, Маск дәулеті, Байденнің маңызды шешімдері

2024 жыл маңызды ірі сайлауларға толы болғанымен, саяси науқандардың бәрі бәсекемен өтті дей алмаймыз. Мәселен, 15-17 наурыз аралығында Ресей президентін сайлау Владимир Путиннің кезекті жеңісімен аяқталды. Оппозициялық белсенді Алексей Навальныйдың 16 ақпандағы құпия қазасы да Путиннің тағы бір мәрте билікке келуіне кедергі жасай алған жоқ.

19 мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. 5 шілдедегі президент сайлауында реформашыл Масуд Пезешкиан жеңіске жетті.

Бұл уақытта АҚШ-та сайлау қарсаңындағы саяси науқан қызып тұрған. Сайлауға түсетінін екі жыл бұрын жариялап үлгерген Дональд Трампқа қарсы демократтардан әуелі қазіргі президент Джо Байден түсуі тиіс болған. Алайда екеуінің алғашқы дебатынан кейін-ақ Байден жарыстан шығатынын жариялап, жолын Камалла Харриске берген.

Камалла Харрис
Камалла Харрис. Фото: Will Oliver/EPA/Bloomberg via Getty Images

Маңызды саяси науқанға аз дайындықпен кіргеніне қарамастан, Камалла Харрис Құрама Штаттардағы демократиялық күштердің басым бөлігінің ықыласын жаулап алып үлгерді. Дегенмен Америка қоғамы елді әйел президенттің басқарғанына әлі де дайын емес болып шықты. (Трамп бұған дейін Хиллари Клинтонды жеңген)

5 қараша өткен президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетіп, екінші мәрте Құрама Штаттарды басқару құқығына ие болды.

Трамп қана емес, оны қолдаған оннан аса миллиардердің дәулеті бір сәтте еселеп артты. Әсіресе осы науқанға белсене араласқан әлемнің ең бай адамы Илон Маск дәулеті 436 миллиард доллардан асып жығылды. Мұндай байлықты адамзат тарихында ешкім жиып көрген емес!

Трамп қазірдің өзінде он миллиардерді болашақ командасына шақырып үлгерді.

Дональд Трамп пен Илон Маск
Дональд Трамп пен Илон Маск. Фото: Brandon Bell/Getty Images

Джо Байден де биліктегі соңғы күндерін мейлінше тиімді пайдалануға тырысып жатыр. Президент әуелі бірнеше қылмыстық іске іліккен ұлына рақымшылық жасады, одан соң өлім жазасына кесілген ондаған адамды ең ауыр жазадан босатты. Джо Байден әкімшілігі Украинаға көмекті де аяп жатқан соң, себебі оның орнына келетін жаңа билік Киев үшін мұндай аста-төк шығын шығарғысы келмейді.

Дональд Трамп 2025 жылы 20 қаңтарда Ақ үйге кіреді. Бұған дейін ол украин мәселесін бірнеше күнде шешуге уәде берген.

Әлемдегі ең ықпалды адам қалыптасқан жағдайды түбірімен өзгерте ала ма? Әрі қарай не болады? Оның жауабын біз жаңа 2025 жылы білеміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2202179-2024-zhyl-alemdi-eleng-etkizgen-mangyzdy-halyqaralyq-oqigalar/