Зеленский Украинаның Қазақстандағы жаңа елшісін тағайындады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Владимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы жаңа елшісін тағайындады. Бұл қызметті Виктор Майко атқарды, деп хабарлайды Украина президентінің сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Виктор Майко Украинаның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалсын", - делінген Зеленскийдің жарлығында.
Украинаның Түркіменстандағы елшілігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Майко Виктор Анатольевич 1960 жылғы 6 шілдеде Украинаның Днепропетровск қаласында дүниеге келген.
Тарас Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетін "журналистика" мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын "Знамя соревнования" газетінде тілші болып бастаған.
Әр жылдары Украинаның Сыртқы экономикалық байланыстар және сауда министрлігінде жұмыс істеген.
2005-2010 жылдары Украинаның Түркіменстандағы елшісі, кейін Украинаның Ауғанстандағы елшісі қызметін қоса атқарушы болған.
2010-2014 жылдары Украина сыртқы істер министрінің орынбасары, 2014-2020 жылдары, Украина сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
2020 жылдан бастап қайтадан Украинаның Түркіменстандағы елшісі болған.
Украинаның төтенше және өкілетті елшісі дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын тілін еркін меңгерген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметін Петр Врублевский атқарған еді. Ол 2022 жылы қызметінен босатылды.
Петр Врублевский қазақстандық блогерлердің біріне берген сұқбатындағы мәлімдемесі үшін басы дауға қалған болатын. Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері оның мәлімдемесін айыптады.
Кейінірек Врублевскийдің Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне әңгімеге шақырылғаны хабарланды. Онда украиналық дипломат сұқбаттағы мәлімдемесі үшін кешірім сұрағаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2233929-zelenskii-ukrainanyng-qazaqstandagy-zhanga-elshisin-tagaiyndady/