RU

Астанада Исламды жоққа шығарған діни ұйымының белді мүшесі сот залынан босатылды

Астанада атышулы «Блогодать» діни ұйымының белді мүшесі сот залынан босатылды. Судья талайды тура жолдан тайдырған Ықылас Қабдуақасовты кінәлі деп тапқанымен, 7 жылға шартты мерзім кесті деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал Қабдуақасовты қолдауға келген жақтастары тіпті сот залына сыймай қалды. Кісендеулі күйде жеткізілген 54 жастағы діндарға «діни алауыздық туғызды» деген ауыр бап бойынша айып тағылған еді. Яғни, пірәдар Ислам дінін Мұхаммед пайғамбардың ойлап тапқанын айтып жоққа шығарған. Осы туралы әдеби кітаптар таратып, аңғал адамдарды жат ағымға жетектеген.

Десе де Қабдуақасов жазасын түрмеде емес, үйінде жүріп өтейтін болды. Бірақ әр басқан қадамы жіті бақыланып, Астанадан шығуына қатаң тыйым салынды. Қабдуақасов «Благодать» діни ұйымын басқарған Бақытжан Қашқымбаевтың шәкірті.

Сектант ұстазы былтыр «экстремизмді насихаттағаны» үшін 4 жылға шартты түрде сотталған болатын. Бұл жолы да пірәдар жазамен келіспей, аппеляциялық шағым жазуға әзірленіп жатыр.

"7 жыл өте көп. Қатал жаза деп есептеймін. Адвокатпен ақылдасып әрі қарай арызданамыз. Қазір бала-шағамды көргім келіп тұр", - деді сотталушы Ықылас Қабдуақасов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/951115-astanada-islamdy-zhoqqa-shygharghan-dini.html