Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан" шахтасындағы өрттен кім қаза тапқаны белгілі болды

Опубликовано:

шахтердің құрал-сайманы
Шахтердің құрал-сайманы. Көрнекі фото: Adam88xx/Getty Images

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы "Қазақстан" кенішіндегі кеше, 17 тамызда болған апаттан қайтыс болған жұмысшының кім екенін айтты. Ақпарат компанияның ресми сайтында жарияланды.

"АрселорМиттал Теміртау" көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында болған өрт салдарынан электрик Виталий Владимирович Слюнков қайтыс болған. 57 жастағы марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.

Компания берген ақпаратқа сай, апат кезінде 227 қызметкер жер астында болса, оның 222-сі тез арада жер бетіне шығарылған. Тағы төрт кеншіні іздеу жұмыстары жалғасуда.

"Қазіргі уақытта желдетудің дұрыс режимін қалпына келтіру және кеншілерімізді іздеуді жалғастыру үшін өртті оқшаулау жұмыстары жүзеге асып жатыр. 12 құтқару қызметі бөлімшесі жұмыс істеп жатыр. Біз марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз, оларға барынша қолдау көрсетеміз", - дейді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорысы Виктор Гафиулов.

"Қазақстан шахтасындағы апат"

Еске сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді.

Өрт кезде жер астында 227 адам болған. Кейін олардың 222-сі жер бетіне шығарылып, бесеуінің іздестіріліп жатқаны белгілі болды. Жұмысшыларды эвакуациялау қапталдағы оқпан арқылы жүргізілді.

Сондай-ақ Мақажанов атындағы ауруханаға өрт кезінде зардап шеккен сегіз адам жеткізілгені белгілі болды. Шахтерлардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Тағы алты адам токсикология бөлімшесінде.

Шахтадағы өртке байланысты Қылмыстық-кодекстің 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұдан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған өртке байланысты үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сонымен қатар зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Ал үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде келіссөздер жүргізу тапсырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2032952-qazaqstan-saxtasyndagy-ortten-kim-qaza-tapqany-belgili-boldy/

pixel