Қорғаушы Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады
Жарияланған күні:
Салтанат Нүкенованың отбасының қорғаушысы Жанна Уразбахова бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу аяқталғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Өткен аптаның соңында бізге Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғанын ескертті. Іс бойынша жүргізілген барлық сараптамамен таныстық. Қылмыстық істің материалдарын толық көрдім", – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Қорғаушы әзірге өлімінің мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізген.
"Менің мұндай істер бойынша тәжірибем жеткілікті, бұрын кісі өліміне қатысты істерге қатыстым, бірақ тіпті сарапшылардың қорытындысы мені таң қалдырды, мұндай қатыгездік пен салқынқандылықты бұрын-соңды көрген емеспін", – деп жазды Жанна Уразбахова.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Бұдан бөлек Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро-орталығының" директоры да қамауға алынды.
Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 12 сараптама тағайындалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне резонанс тудырған бұл оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2054472-qorgausy-quandyq-bisimbaevtyn-isi-boiynsa-tergeu-ayaqtalganyn-xabarlady/