Шымкентте тұрғындар зілзалаға байланысты үйін тастап шығып жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русскомШымкентте, сондай-ақ Қазақстанның өзге де бірқатар аймағында түнде жерасты дүмпулері тіркелген – тұрғындар үрейге бой беріп, үйінен шыға жөнелді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Instagram желісіндегі ресми парақшасында жер сілкінісі сағат 00:09-да тіркелгенін хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 264 километр жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.
Шымкенттегі жер сілкінісінің сезілуі 2 баллға жетті. Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат келіп түскен жоқ.
Kazinform мәліметіне сүйенсек, жерасты дүмпуінен үрейленген тұрғындар түнде асығыстықпен тұрғын үйлерден шығып кеткен. Олар жағдай тұрақталғанға дейін көшеде жүрді. Далаға шығып кеткен адам саны көп болған.
"Шымкент қаласында жер сілкінісі 2 балл болды. Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Болған жайтқа байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын дүрбелеңге салынбауға шақырамыз", – деп жазады басылым құтқарушыларға сілтеме жасап.
Еске салайық, бүгін түнде Алматыда жер сілкінісі тіркелді. ТЖД ақпаратынша, жер асты дүмпулерінің магнитудасы – 6,7. Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген.
Желіде тұрғындар жер сілкінісінен соң жаппай көшеге шығып жатқаны көрсетілген видеолар тарады.
Кейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қайтыс болғандар, сондай-ақ ғимараттардың қирауы туралы ақпарат келіп түспегенін хабарлады. Сондай-ақ ол азаматтардан қауіпсіз жерге шығуды сұрады.
Сонымен бірге Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев қалада тағы да жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Оның сөзінше, зілзала магнитудасы 2-3 болған.
Бұдан бөлек, Атығаев желіде тарап жатқан таңғы сағат бесте жер сілкінісі қайталанатыны туралы хабарды жоққа шығарды.
Ал Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап, кептеліс болдырмау мақсатында патрульдік полиция инспекторлары қолмен реттеуге көшті.
Сонымен қатар Алматы полициясы азаматтарды үйлерінің есігін жабуға шақырды.
Одан бөлек, Алматы әкімдігі қалада жер сілкінісі салдарынан қирау фактілері болды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев қалада жақын уақытта жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін хабарлады. Оның айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары сезінген жер сілкіністері афтершок болып табылады. Мұны Орталық Азияның барлық дерлік елі сезінген.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бүгін түнде болған жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ екенін, дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Қалалық ТЖД жер сілкінісіне байланысты 8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84 телефон нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Мегаполис басшысы Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізгені, онда одан әрі іс-қимыл жоспары талқыланып жатқаны хабарланды.
Қалалық білім басқармасы қала мектептері мен колледждерінде түні бойы халықты қабылдау пункттері жұмыс істеуіне байланысты 23 қаңтар күні бірінші ауысымдағы сабақтар болмайтынын хабарлады.
Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында Комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізді. Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейтіні айтылды.
Сондай-ақ қаңтардың 23-і таңертең Алматы облысында тағы бір жер сілкінісі тіркелген – Алматыда жер сілкінісі 2-3 балл шамасында болғаны сезілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2056928-symkentte-turgyndar-zilzalaga-bailanysty-uiin-tastap-sygyp-zatyr/