Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда ер адам балаларының көзінше әйелін ұрып-соққан

Опубликовано:

Әйелге тап берген ер адам
Әйелге тап берген ер адам. Видеодан кадр: lada.kz

Ақтауда ер адам балаларының көзінше әйеліне күш көрсеткен. Бұл жайт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полиция желіде жарияланған бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Lada.kz.

Басылымның жазуынша, бұл жағдай Ақтаудағы көпқабатты үйдің кіреберісінде болған.

Бейнебақылау камерасына түсіп қалған жазбадан ер адамның кішкентай балалардың көзінше әйелдің қолын қайырып, аузын жауып тұрғаны көрінеді.

Ол әйелді біраз уақытқа босатып, айналада куәгерлердің жоқтығына көз жеткізу үшін жан-жағына қарайды. Сонан соң оны лифтке итеріп кіргізіп, құлатып, шашына жармасады.

Осы кезде бейнежазбадан кішкентай баланың қорқып жылағаны, әйелдің айқайлап жатқаны естіледі.

Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл жайттың Ақтауда болғанын растады. Құқық қорғау органдары қызметкерлері видеодағы ер адам іздестіріліп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай 7 сәуірде Маңғыстау ауылында болған. Ер адам балалар алаңында баласының көзінше әйелін ұрып-соққан. Кейін полицейлер күдікті ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.

Жуырда Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адамның бұрынғы әйелін аяусыз ұрған сәті түсіп қалған бейнежазба тарады. Бұл оқиғаны "Дети под защитой" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Ахметова жария етіп, тағы бір Салтанатты құтқару керек екенін жазды.

Кейін осы оқиғаға қатысты желіде әйелдің бұрынғы күйеуі кешірім сұрап жазған видеоүндеу жарияланды. 16 сәуірде ол қамауға алынғаны белгілі болды.

Бұған қоса Алматыда тағы бір ер адамның әйелді ұрып-соққан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын жазған едік. Көп ұзамай күдікті ұсталып, қамауға алынғаны белгілі болды.

Кейін желіде белгісіз өзге ер адам орындықта отырған әйелге жақын барып, шашынан ұстап, күшпен сүйремек болғаны түсірілген видео тарады. Әйелге күш көрсеткен ер адам 10 тәулікке қамауға алынды.

Айта кетейік, 15 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заңға қол қойды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2088698-aqtauda-er-adam-balalarynyn-kozinse-aielin-uryp-soqqan/

pixel