Ертіс өзеніне құлаған көлік: тағы бір адамның денесі табылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Семейде балықшылар өзенге құлап кеткен көліктегі жолаушылардың бірінің денесін тапты. Екінші адамның денесі әлі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Abainewskz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылым мәліметінше, 10 қаңтарда түн ортасы шамасында кезекші пультіне жергілікті балықшылардан жоғалып кеткен жолаушылардың бірінің денесін судан тауып, алып шыққаны туралы хабарлама түскен.
Хабарламадан кейін төтенше жағдайлар қызметі дереу оқиға орнына жеткен, кейін туыстары марқұмды таныған.
Тағы бір жоғалған адамды іздеу жұмыстары күндізгі уақытта жүргізіліп жатыр. Жұмысқа 100-ден астам адам, 13 моторлы қайық, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, 3 гидроакустикалық құрал және 1 су асты дроны жұмылдырылған.
"Ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, апаттардың алдын алу үшін Абай облысының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қыста су қоймаларына жақын бармауға шақырады", - деді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында жеңіл көлік Ертіс өзеніне құлап кеткенін жазған едік. Сол кезде полиция өкілдері іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.
ТЖМ ақпаратынша, Ертіс өзенінің жағасында жеңіл автокөлік жүргізушісі бетон қоршаумен соқтығысып, өзенге құлап кетті. Апат кезінде салонда 4 адам болған. Жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп жетті. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Хабарлама түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті. Сағат 09:00-де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді.
Кейін Семейде Ертіс өзенінде іздестіру-құтқару жұмыстары барысында ТЖМ қызметкерлері әскери бөлімнің инженерлік техникасының көмегімен суға батып кеткен автокөлікті алып шыққан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2210876-ertis-ozenine-kolik-qulap-ketti-araga-apta-salyp-tagy-bir-adamnyng-denesi-tabyldy/