Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс: сот үкім шығарды
Опубликовано:
Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты істі қарау аяқталды. Сот қаулысымен Перизат Қайрат кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана соттарына сілтеме жасап.
Прокуратура өкілдері хабарлағандай, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқырды деп айыпталды.
Прокурор сот жарыссөзінде Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотта Перизат Қайраттың 2021 жылғы 4 қазанда жалған құрылтай құжаттарын жасап, атауы заңды түрде жұмыс істейтін "Biz Birgemiz Qazaqstan" қорына ұқсас "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігін тіркегені анықталды.
️Ол анасы Ғайни Алашбаевамен бірге алдын ала сөз байласу арқылы әрекет етіп, азаматтарды мұқтаж жандарға, соның ішінде су тасқынынан зардап шеккендер мен Палестина халқына көмек көрсету мақсатында қаражат жинауға шақырған.
Осылайша 2021 жылғы қарашадан 2023 жылғы қазанға дейін Қайрат пен Алашбаева оңалту орталығын салу, мүгедек балаларға көмек көрсету және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру сылтауымен 126,7 млн теңгені алаяқтық жолмен жинап, иеленген.
2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы сәуірге дейін Палестина халқына көмек көрсету сылтауымен 559,1 млн теңгені заңсыз иеленген.
2024 жылғы 1 сәуірі мен қараша аралығында Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілген кезде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету сылтауымен 2,8 млрд теңге көлемінде қаражат жинап, иемденген.
"Жалпы келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңге. Жиналған қаражаттар "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің шотына түскен соң, Қайрат оны өзі мен Алашбаеваның жеке шоттарына аударған.
️Олар қылмыстық жолмен алынған кірістерді гүл бизнесін сатып алу және жалған мәмілелер жасау арқылы заңдастырған.
️Сонымен қатар, Қайрат пен Алашбаева ұрланған ақшаны қымбат жылжымайтын мүлік, автокөліктер, әшекейлер, киім-кешек, жиһаз сатып алуға, демалыстар мен жөндеу жұмыстарының ақысын төлеуге жұмсаған.
Сот тергеуінің нәтижесінде Перизат Қайрат пен Алашбаева өздеріне тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Кінәлары жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді", - делінген хабарламада.
Сот қандай жаза тағайындады
Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі мен 218-бабының 3-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді және ауыр қылмыстар санатына жатады. Сот бұл қылмыстардың ерекше арсыздықпен жасалғанын атап өтті.
Олар қазақстандық қоғамның төзімділік пен мұқтаж жандарға жанашырлық сияқты іргелі құндылықтарына нұқсан келтіріп, азаматтарда қайырымды істердің қажеттілігіне деген күмән тудырған.
Жаза мен жауаптылықты ауырлататын жағдай – қылмыстық құқық бұзушылықтардың төтенше жағдай кезінде жасалуы.
Жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын өтелмеген.
️Осыны ескере отырып, сот Перизат Қайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын;
Ғайни Алашбаеваға 7 жыл бас бостандығынан айыру (оның қарт жасын ескере отырып) жазасын тағайындауды әділетті деп санады.
Сот үкімімен Қайрат пен Алашбаева 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражаттарын жинаумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды (заңда көзделген ең ұзақ мерзім).
Ұрланған қаражатқа сатып алынған мүліктері:
- Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй, Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен тұрақ орындары;
- "Mercedes-Benz S450" 2024 жылы шыққан автокөлігі, "Lexus LX 600" 2024 жылы шыққан автокөлігі;
- "Rebel Flowers" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесі; ️
- 97 млн теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Перизат Қайрат ісі
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 14 қарашада "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.
Сол кезде ҚМА өкілдері қайырымдылық үшін жіберілген қаражаттың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғанын хабарлаған еді.
2024 жылы 14 қарашада Перизат Қайрат ұсталып, екі айға қамауға алынды.
Биылғы наурызда Перизат Қайрат басқарған "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі мәжбүрлі түрде таратылатыны хабарланды.
Сонымен қатар Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі бұғатталып, қымбат заттары тәркіленгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша сот процесі 9 шілдеде басталды. Сот процесі ішінара жабық өтті. Перизат Қайрат та, анасы да тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген еді.
Сот отырыстарының бірінде Перизат Қайрат сөз арасында бұрынғы Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған, Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектің есімін атады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2268903-perizat-qairat-pen-onyng-anasyna-qatysty-is-sot-ukim-shygardy/