Шерзат Болат ісі бойынша сотталған екі адам өздерін ақтауды сұрады: сот қандай шешім шығарды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Кассациялық сот Талғарда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болат ісі бойынша сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметқа қатысты сот актілерін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Кассасиялық соттың Telegram-дағы арнасында неліктен сот сот актілерін өзгеріссіз қалдырғанын түсіндірді.
Кассасиялық соттың мәліметінше, 2024 жылғы қазанда сотталғандар басқа тұлғалармен бірге топтық төбелеске қатысып, оның барысында екеуі де жәбірленушілерге күш қолданған. Тоқтаубаев пышақ сілтеп, тас лақтырған.
Алынған дене жарақаттарының салдарынан жәбірленушілердің бірі есінен танып қалған. Осыны пайдаланып, Тоқтаубаев оның ұялы телефонын білдіртпей алып, жанжалға қатысқан басқа адамдармен бірге оқиға орнынан кетіп қалған.
Кассациялық шағымында Тоқтаубаев адамдарды ұрмағанын және пышақ қолданбағанын айтып, телефонды ұрлау фактісін жоққа шығарған. Ал Қалиахмет өз кезегінде ешкімге зиян келтірмегенін және ұрып-соғуға қатыспағанын мәлімдеген.
"Кассациялық сот іс материалдарын зерттей отырып, бұл уәждерді қабылдамай, екеуінің де басқа тұлғалармен бірлесіп әрекет еткенін, шабуыл жасаған топтың құрамында болғанын және төбелес кезінде белсенді әрекет еткенін көрсетті. Нәтижесінде сот актілері өзгеріссіз қалдырылды", - делінген хабарламада.
Хабарламада сотталғандар жазасын өтеп жатқаны айтылған. Тоқтаубаев бұзақылық және ұрлық жасағаны үшін 15 жылға, Қалиахмет бұзақылық үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні Талғар қаласында бір топ жігіттің арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік.
Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
2025 жылғы 5 маусымда Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды.
Сотталушылар 23 жылдан 1 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды.
Кәмелетке толмаған бір сотталушы жазасын өтеуіне байланысты 2025 жылғы шілдеде қамаудан босатылды.
Сотталған қалған 8 адам сот үкімімен келіспей апелляциялық шағым түсірген еді.
Апелляциялық сот олардың өтінішін қанағаттандырмай, алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Жақында Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет кассациялық сотқа жүгініп, өздерін ақтауды сұрағаны белгілі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2365755-sherzat-bolat-isi-boiynsha-sottalgan-eki-adam-ozderin-aqtaudy-surady-sot-qandai-sheshim-shygardy/