Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның мәліметінше, алдыңғы сот отырыстарының бірінде судья Зарема Хамидуллина қылмыстық істің материалдарын, соның ішінде Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты материалдарды бөлек өндіріске шығару туралы қаулыны жариялаған.
Отырыста судья прокурорға істің ҚР ҚК‑нің 434-бабы ("Қылмыс туралы хабарламау") бойынша қозғалғанын атап өткен. Алайда іс материалдарына сәйкес, Мұқанғалиева психикалық ауруға байланысты ем қабылдап жүрген.
"Ол қылмыс туралы хабарламағаны үшін қалай жауап бере алады?" - деп судья мемлекеттік айыптаушыға сауал қойған.
Кейіннен Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Қазір ол емін жалғастырып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтардың басында Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бір отбасының – ерлі-зайыпты мен олардың ересек балалары іздестіріліп жатқаны белгілі болды.
Облыстық ПД жариялаған бағдарға сәйкес, Мақсот Қарабалинге, Нәсіп Өтешқалиеваға және Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевқа іздеу жарияланған.
6 қаңтарда Атырау облыстық ПД ерлі-зайыпты өлі табылғанын, олардың ұл мен қызы әлі іздестіріліп жатқанын мәлімдеді.
Кейінірек Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке (қаза тапқан ерлі-зайыптының күйеу баласы) қатысты бағдар жарияланды. Сондай-ақ күдікті мен оның әйеліне халықаралық іздеу жарияланды.
Бұдан бөлек, полиция жоғалған отбасыға қатысты іс бойынша жаңа деректерді бөлісіп, марқұм зейнеткерлердің денесінде пышақ іздері бар екенін мәлім етті.
Кейінірек марқұмдардың ұлы мен қызының да денелері табылды.
18 мамырда бұл қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
Бүгін сот жарыссөзінде прокурор сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2397736-aqbaian-muqangalievaga-qatysty-qylmystyq-is-toqtatyldy/