Марқұм Нұрай Серікбайға қатысты желіде жағымсыз пікір жазған тұрғын жауапқа тартылды
Жарияланған күні:

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты жарияланған видеоның астына жағымсыз пікір қалдырған азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Түркістан облысының тұрғыны TikTok желісінде "72 рет пышақ салар едім" деген пікір жазып, көпшіліктің наразылығын тудырған. Сондай-ақ марқұмның туған-туыстарының жан жарасын одан әрі ушықтырған. Олар полицияға арызданып, нәтижесінде құқық қорғау органдары пікір авторын анықтады. Күдіктіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, енді оның әрекетіне сот құқықтық баға береді.
"72 рет пышақтау деген – қылмысты дәріптеу. Біз ешқашан қылмысты жарнамаламауымыз керек. Ол кісі бізден қатты кешірім сұрады. Біз кешірім бердік. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары өз жұмысын атқару үшін хаттама толтырды. Өйткені Нұрайдың атына кір келтірмеуге тырысамыз. Біз тоқтатпасақ, ешкім тоқтатпайды. Бәріне бірдей тосқауыл бола алмаймыз. Бірақ осындай адамдар жауапқа тартылса, өзгелерге сабақ болады деп ойлаймыз", – деді марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.
Айта кетейік, Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желіде марқұмның ар-намысына нұқсан келтіретін жазбалар жариялаған үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазір тағы екі әлеуметтік желі қолданушысы іздестіріліп жатыр.
Нұрай Серікбайдың өлімі
Естеріңізге сала кетейік, 11 қаңтарда кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған еді. Марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болған.
13 қаңтарда күдіктінің Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталғаны белгілі болды.
Сонымен қатар полиция оның сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлім етті.
Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін Шымкент ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер қызметінен босатылды.
Биыл сәуірде күдіктінің мәжбүрлі емдеуге жіберілгені хабарланды.
Кейін сенат кулуарында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойныша сараптама қорытындысы шыққанын мәлімдеді. Қорытынды нәтижесіне сай, оның ақыл-есі дұрыс екені анықталған.
Мамырда күдікті Талғардағы медициналық орталықтан Шымкентке қайта ауыстырылды.
Бір ай бұрын бұл іс бойынша тергеу аяқталғаны мәлім болды. Сондай-ақ алғашқы сот отырысы өтетін күн жарияланып, іс қарала бастады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2409515-marqum-nurai-serikbaiga-qatysty-zhelide-zhagymsyz-pikir-zhazgan-turgyn-zhauapqa-tartyldy/
