Нұрай Серікбайды өлтірген азамат өмір бойына сотталды: сот одан 30 млн теңге өндірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханнан сот 30 млн теңге өндірді. Бұл туралы Шымкент соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кеше Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы аяқталды. Сотталушы Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасында үкімнің егжей-тегжейі жарияланды.
Сот анықтағандай, 2025 жылғы 4 қазанда сотталушы Нұрайды өз көлігіне отырғызып, Алматыдан Шымкент бағытына қарай жолға шыққан. Жолда ол жәбірленушіге "қарсыласқан жағдайда немесе басқа да әрекет жасайтын болсаң екеуміз жол-көлік апатына түсеміз" деп қорқытқан.
"Осыдан кейін 2025 жылғы 5 қазанда Шымкент қаласындағы үйіне алып келіп, жәбірленушінің қарсылығына қарамай, қолындағы ұялы телефонын тартып алып, еркінен тыс үйіне кіргізіп, некеге тұруға мәжбүрлеген. Алайда сол күні жәбірленушінің ағасы қарындасының өз еркімен келмегенін біліп, жәбірленуші өзін алып кетуді сұраған соң, оны алып кеткен.
Әрі қарай сотталушы 2025 жылғы қазан-қараша айларының аралығында жәбірленушінің Алматы қаласында уақытша жалдап тұрған пәтеріне және Шымкент қаласындағы үйіне бірнеше рет іздеп барып, аңдып, телефонына бірнеше рет қоңырау соғып, оның еркінен тыс қарым-қатынас жасауға тырысқан. Жәбірленуші абоненттік нөмірін ауыстырғанына қарамастан, сотталушы жаңа абоненттік нөмірін анықтап, жәбірленушіге тағы да көп рет қоңырау соққан", - делінген сот таратқан хабарламада.
2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте сотталушы Нұрай Серікбайға саябаққа серуендеп келу туралы ұсыныс жасаған, бірақ ол ұсыныстан бас тартқан. Жәбірленушінің бұл жауабына намыстанып, сотталушы алдын ала өзімен дайындап келген туристік пышағымен жәбірленушіге соққылар жасай бастаған. Осы кезде оқиға орнына келген адамды байқап, өзінің іс-әрекетін тоқтатып, 5-6 метр жерге дейін қашып кеткен.
"Алайда сотталушы оқиға орнына қайтып келіп, алған ауыр дене жарақаттарынан жерге құлап, қиналып жатқан жәбірленушіге куәнің көзінше қайтадан көп соққы жасаған. Сотталушы жәбірленушіге жалпы 35 пышақ жарақатын салып, оны аса қатыгездікпен өлтірген", - деп толықтырды Шымкент соты.
Соттың мәліметінше, сотталушының кінәсі оның алғашқы мойындап берген жауаптарымен, куәлердің жауаптарымен, айғақ заттармен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденген.
Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот Шерхан Аймаханды ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен, 125-1-бабының 1-бөлігімен және 115-1-бабымен кінәлі деп танып, оған қылмыстар жиынтығымен түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кескен.
Сонымен қатар жәбірленушің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян ретінде 25 млн теңге және адвокаттың қызметі үшін 5 млн теңге өндірген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Нұрай Серікбайдың өлімі
Естеріңізге сала кетейік, 11 қаңтарда кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған еді. Марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болған.
13 қаңтарда күдіктінің Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталғаны белгілі болды.
Сонымен қатар полиция оның сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлім етті.
Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін Шымкент ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер қызметінен босатылды.
Биыл сәуірде күдіктінің мәжбүрлі емдеуге жіберілгені хабарланды.
Кейін сенат кулуарында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойныша сараптама қорытындысы шыққанын мәлімдеді. Қорытынды нәтижесіне сай, оның ақыл-есі дұрыс екені анықталған.
Мамырда күдікті Талғардағы медициналық орталықтан Шымкентке қайта ауыстырылды.
Шілдеде Шымкентте бұл іс бойынша сот процесі басталды, прокурор қылмыстың мән-жайы жазылған айыптау актісін оқыды. Тергеу мәліметінше, Нұрай Серікбайға 35 пышақ жарақаты салынған.
Соттағы тараптардың жарыссөзі кезінде прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Бұдан бөлек, қаза тапқан Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан материалдық шығын мен моральдық зиян ретінде 10 миллиард теңгеден астам өтемақы талап етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2412665-nurai-serikbaidy-oltirgen-azamat-omir-boiyna-sottaldy-sot-odan-30-mln-tengge-ondirdi/
