Оқыс оқиға

Зектілері

Ұлытау облысындағы шахтадағы төтенше жағдай: апаттың алдын ала себебі айтылды

Жарияланған күні:

Кенші
Кенші. Көрнекі фото: Adam88xx/Getty Images

Ұлытау облысындағы шахтада болған апаттың алдын ала себебі айтылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қазақмыс" корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, "Қазақмыс" корпорациясының кеніштері үшін тән емес табиғи газдың жарылысы болған. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Қайғылы жағдайды тергеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды", - делінген компания таратқан хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін толық көмек көрсетіп жатқаны айтылған.

"Қазақмыс" басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы "Жомарт" кен орнында тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы төтенше жағдай аймағында қалған болатын.

Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жеті жұмысшының денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Марқұмдардың денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Шахтада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бөлек, шахтаның опырылу себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, мемлекеттік органдарға тапсырма берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2221607-ulytau-oblysyndagy-shahtadagy-totenshe-zhagdai-apattyng-aldyn-ala-sebebi-aityldy/