Ұлытау өңіріндегі ТЖ орнында үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр: оның құрамында кім бар
Жарияланған күні:

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысындағы ТЖ орнында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Комиссия құрамында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бар.
Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысқан. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілген.
Әрі қарай премьер-министрдің орынбасары штаб отырысын өткізіп, қаза тапқандардың туыстарымен кездеседі.
Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы "Жомарт" кен орнында тау-кен массасы опырылып, жеті жұмысшы төтенше жағдай аймағында қалған болатын.
Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жеті жұмысшының денесі табылып, жер бетіне шығарылды. Марқұмдардың денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Шахтада болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ апаттың алдын ала себебі айтылды.
Бұдан бөлек, шахтаның опырылу себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, мемлекеттік органдарға тапсырма берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2221722-ulytau-ongirindegi-tzh-ornynda-ukimettik-komissiia-zhumys-istep-zhatyr-komissiia-quramyna-kimder-kirgen/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде