Назарбаев Каспийде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты көңіл айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды тұңғыш президенттің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
Тұңғыш президент орны толмас қайғыға ортақтасып, марқұмдардың отбасы мен жақындарына көңіл айтты", - делінген хабарламада.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Бастапқыда Қорғаныс министрлігі алдын ала мәлімет бойынша, суға кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқанын хабарлады.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев аттанды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қазасына байланысты көңіл айтып, қайғылы оқиғаны тергеу бойынша тапсырма берді.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
24 қыркүйек күні кешке нақтыланған деректер белгілі болды. 17 адам суға кетіп, олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің есімін жариялады. Тізімде 11 матрос пен аға лейтенант бар.
Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев осы қайғылы оқиғаға кінәлі барлық лауазымды тұлға заң бойынша жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/emergency/2433183-nazarbaev-kaspiide-askeri-qyzmetshilerding-qaza-boluyna-bailanysty-kongil-aitty/
