jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Алматыда үш магнит жұтып қойған 5 жасар балаға күрделі ота жасалды

    Ота жасап жатқан хирургтар
    Ота жасап жатқан хирургтар. Иллюстрациялық фото: pixabay.com

    Алматыда 5 жасар бала үш магнит жұтып қойған. Салдарынан оның ағзасында сирек кездесетін қауіпті асқыну анықталып, ота жасалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, балаға ота сәтті жасалды.

    Магниттер асқазан-ішек жолында ұзақ уақыт болған. Магниттік тартылыс күшінің әсерінен асқазандағы бір магнит пен ішектегі екі магнит бір-біріне тартылып, жабысып қалған.

    Ота барысында хирургтар өте сирек кездесетін асқыну түрін анықтады. Асқазан мен ішек арасында патологиялық байланыс – магниттік фистула пайда болған. Тұрақты қысым тіндердің зақымдануына және ойық жараның түзілуіне әкелген.

    Ота жасаған хирург, Алматы қалалық №2 БКА директорының орынбасары Марат Қаптағаевтың айтуынша, операция бастапқыда лапароскопиялық әдіс арқылы жасалған. Алайда зақымдану сипаты анықталғаннан кейін, баланың қауіпсіздігі үшін хирургтар ашық отаға көшкен.

    "Фистула жойылып, үш магнит те алынды. Зақымданған тін бөліктері кесіліп, тігілді. Құрсақ қуысы тазартылып, дренаж қойылды. Ота сәтті аяқталды. Емдеу шараларынан кейін баланың жағдайы жақсарды. Ауруханадан шығар кезде оның жағдайы қанағаттанарлық болды, операциядан кейінгі жараларда қабыну белгілері байқалмады", - деді хирург.

    Аурухана дәрігерлері кішкентай магниті бар ойыншықтардың балалар үшін қауіпті екенін еске салды.

    "Бірнеше магнитті жұтып қойған жағдайда, олар асқазан-ішек жолының әр түрлі бөліктерінің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылады. Бұл ойық жараға, тесілуге, жыланкөзге, ішек бітелуіне және перитонитке әкелуі мүмкін.

    Сондықтан ата-аналарды баласы магнит жұтып қойды деп күдіктенген жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырамыз. Уақтылы жасалған ота өмірге қауіп төндіретін ауыр асқынулардың алдын алады", - деді Алматы қалалық №2 БКА директоры Марат Рабандияров.

    Алматыда үш магнит жұтып қойған 5 жасар балаға күрделі ота жасалды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram