Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаға Ұлттық қордан ақша түспеген жағдайда не істеу керек

Опубликовано:

Ақша санап отырған қыз бала
Ақша санап отырған қыз бала. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2024 жылы Ұлттық қордан 7 миллионға жуық балаға ақша түскен. Дегенмен жүйеде кей адамдар қамтылмай қалуы мүмкін. Бұл жағдайда ата-аналар балалардың құжаттарының дұрыстығын тексергені абзал. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы 2024 жылы іске қосылды. Ақпанда 6 919 131 қазақстандық баланың жеке нысаналы шотына Ұлттық қор инвестициялық кірісінің бір бөлігі түскен, оның ішінде 304 815-і биыл ақшасын ала алады.

Бағдарламаның барлық механизмі автоматты түрде жұмыс істейді: Ұлттық қордан төлемдер алу үшін өтініш беріп, құжаттарды толтырудың қажеті жоқ. Дегенмен кейде жүйе кейбір балаларды қамтымай қалуы, салдарынан балалар төлемдерден қағылып қалуы мүмкін.

Алайда алаңдаудың қажеті жоқ, балаңыз әлі инвестициялық кірістен өзіне тиесілі бөлігін ала алады, бірақ ата-аналар ақша неліктен түспегенін анықтап, мәселені шешуі керек.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өкілдерінің айтуынша, егер белгілі бір себептермен бала 2024 жылы "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына қатысушылардың тізіміне енгізілмесе, баланың мынадай ақпараты көрсетілгенін тексеру керек:

  • туу туралы куәлігі немесе 16 жастан бастап жеке куәлігі болуы шарт;
  • баланың жеке құжаттарында аты-жөні, туған күні, ЖСН және азаматтығы дұрыс көрсетілуі қажет;
  • "Электрондық үкімет" веб-порталындағы "Цифрлық құжаттар" (Отбасы) бөліміндегі жеке кабинетіңізде балалар туралы ақпарат болуға тиіс, бала egov.kz порталында тіркелуі керек әрі жеке ақпараты дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізу қажет.

Егер баланың жеке басын куәландыратын құжаты я ЖСН жоғы анықталса, онда Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Ал балада азаматтығы болмаса немесе жеке ақпараты қате көрсетілсе, тұрғылықты жеріңіз бойынша көші-қон қызметіне жүгінгеніңіз жөн.

Барлық қате түзелгеннен кейін бала қор есебінен төлемдер алушылар қатарына кіріп, деректер базасына енгізіледі, оған қоса бағдарлама аясында төлемдер берілмеген кезеңі ескеріліп, келесі жылы балаға тиесілі мақсатты талаптар мен инвестициялық кіріс бөлігі толық есептеледі. Тоқетерін айтқанда, балаңыз ақшасыз қалмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2060637-balaga-ulttyq-qordan-aqsa-tuspegen-zagdaida-ne-isteu-kerek/

pixel