jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстанда жалдамалы баспана бағасы күрт өсті

    Ақша және пәтер кілті
    Ақша және пәтер кілті. Нейрожелі арқылы жасалған көрнекі сурет: NUR.KZ / Жұлдыз Кенжеғалиева

    Тамызда Қазақстанда жалдамалы баспана орта есеппен бір айда 4,2 пайызға қымбаттады. Баға әсіресе Қостанай, Петропавл мен Түркістан қалаларында айтарлықтай өскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Тамыз-қыркүйек айларында жалдамалы баспана нарығында бағаның өсуі әдеттегі жағдай. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тамызда Қазақстанда жалдамалы тұрғын үй орта есеппен бір айда 4,2 пайызға қымбаттады. Ал бір жыл ішінде баға 17 пайызға өсті.

    Қазақстанда жалдамалы баспана қай қалаларда айтарлықтай қымбаттады?

    Тамызда жалдау ақысы ең үлкен өсімді көрсеткен қала — Қостанай. Онда баға бір айда 5,9 пайызға көтерілді. Одан кейінгі орындарда Петропавл мен Түркістан қалалары тұр. Бұл қалаларда баға сәйкесінше 5,5 пайызға және 5,3 пайызға өсті.

    Алматыда жалдамалы баспана бір айда 4,4 пайызға, Астанада 4,9 пайызға, ал Шымкентте 5 пайызға қымбаттады.

    Бағаның ең аз өсімі Орал қаласында тіркелді. Мұнда баға бір айда небәрі 0,8 пайызға ғана өсті.

    Жылдық көрсеткіш бойынша бағаның өсуі жағынан Павлодар көш бастап тұр. Бұл қалада жалдау ақысы бірден 42,5 пайызға көтерілген. Екінші орында Петропавл қаласы тұр. Онда баға бір жылда 39,1 пайызға өсті. Алматы үшінші орынға жайғасты, мұнда баға 18,1 пайызға артты.

    Астанада баға 17,5 пайызға, ал Шымкентте 15,8 пайызға өсті. Жалдамалы баспана құнының ең аз жылдық өсімі Орал қаласында тіркелді. Онда баға небәрі 3,8 пайызға ғана өскен.

    Қазіргі таңда баспананы жалға алу тұрғысынан ең қымбат қала — Алматы. Онда шаршы метрі орта есеппен 6 224 теңгені құрайды. Екінші орында Астана тұр – 6 079 теңге. Үшінші орын Қарағандыға бұйырды – 5 219 теңге. Ең арзан баспана Таразда жалға беріледі, мұнда шаршы метрі 2 558 теңге тұрады.

    Баға өсімі
    Баға өсімі. Сурет: NUR.KZ / Жұлдыз Кенжеғалиева

    Еске сала кетейік, жалдамалы баспана бағасының өсуі жаздың ортасында да байқалған болатын. Осылайша, қазір бағаның өсу қарқыны тек жеделдеп келеді.

    Қазақстанда жалдамалы баспана бағасы күрт өсті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram