jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қазақстанда алдағы жылдары баспананы сақтандыру міндеттелуі мүмкін

    Баспана
    Баспана. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осылайша әлемде бар тәжірибені Қазақстан да енгізбек, деп хабарлайды "Хабар" Агенттігі.

    Себебі түрлі төтенше жағдайлар кезінде шығынды мемлекет өтеуге мәжбүр. Мәселен, 2024 жылы су тасқынынан қираған үйлерді қалпына келтіруге 257 млрд теңге қажет болды.

    Баспананы міндетті сақтандыру жүйесі бүгінде әлем елдерінің біразында бар. Ал кейбір мемлекеттерде билік тарапынан міндеттелмесе де, халықтың көбі үйін сақтандыруды әдетке айналдырған. Мәселен, жаһандағы барлық мүлік сақтандырудың жартысына жуығы қазір Солтүстік Америкаға тиесілі. Тұрғындардың 90 пайыздан астамы сақтандыру жарнасын төлеп отыр.

    "Ал міндетті сақтандыруды Оңтүстік Корея мен Түркия сәтті енгізген", - дейді сарапшылар. Айталық, Түркияда үйлердің 57 пайыздан астамы жер сілкінісінен қорғалған. Енді бізде де сақтандыру міндеттелмек.

    Бүгінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдің сақтандыру жүйесін кешенді жетілдіруді көздейтін "Сақтандыру нарығы туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр.

    "Сақтандыру табиғи апаттар салдарынан тұрғын үйі зақымдалған немесе жойылған азаматтарды жедел қаржылық қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған. Тұрғын үйді міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру жарнасының мөлшері нақты өңірдегі тәуекел дәрежесіне байланысты белгіленеді. Міндетті сақтандыру жүйесін енгізуді кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда. Бірінші кезеңде бұл тетік аталған тәуекелдерге бейім барлық 16 өңірге кейіннен таратыла отырып, елдің неғұрлым осал өңірлерінде енгізіледі. Заң күшіне енгеннен кейін қажетті инфрақұрылымды құру және қаражатты жинақтау үшін үш жылдық өтпелі кезең көзделеді", - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

    Агенттіктің бұған дейін таратқан ақпаратына сәйкес жарна көлемі қауіп деңгейіне қарай 1 мыңнан 20 мың теңге аралығында болуы мүмкін. Ал ерікті сақтандыру қазірдің өзінде бар. Алайда халықтың белсенділігі өте төмен. Елдегі 8,5 миллионнан астам жылжымайтын мүліктің бүгінде 200 мыңға жуығы ғана сақтандырылған. Бұл 2,5 пайызға әрең жетеді. Онда да оның біразы ипотекамен рәсімделген үйлер. Яғни банктің міндеттеуімен жасалған.

    Экономист Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, халық баспана сақтандырудың жарнасын басы артық шығын деп есептейді. Оның үстіне сақтандыру компанияларына деген сенімсіздік те бар.

    "Не тауы жоқ, не суы жоқ жерлерде, әсіресе ауылдық өңірлерде, мұндай сақтандыру азаматтарымызға қаржылық тұрғыдан ауыр тиеді. Ал егер жер сілкінісі сияқты табиғи апаттар болуы мүмкін немесе теңіз, су айдындары бар өңірлерде міндетті түрде енгізілсе, әрине, халық оны қолдайды деп ойлаймын. Себебі азаматтарымыз мұндай апаттардың зардабын өз көзімен көріп, басынан өткерді. Сондықтан бұл мәселе бойынша халық арасында ешқандай дау немесе қарсылық болмайды деп есептеуге болады", - дейді экономист Ләззат Нұрғалиқызы.

    "Оның үстіне қазір кейбір адамдар мұндай сақтандырудың бар екенін де білмейді", - дейді сарапшы. Яғни жаппай енгізілмеген соң халықтың да хабары шамалы. Ал осы сақтандыру ісінің басы-қасында жүрген мамандар "мүлікті сақтандыру міндетті түрде қажет" деген пікірде. Себебі жылына бір рет қана жарна төлеп, баспананы түрлі қауіптен сақтандыруға болады. Тарифтердің де түр-түрі бар дегенді айтады.

    "Мысалы, сақтандыру сомасы 2 млн 200 мың теңге тұрады. Жылдық бір-ақ рет төленетін ақысы 13 мың 200 теңге тұрады. Қандай жағдайларда керек болады? Мысалы, үйдің ішкі әрлеу жұмыстарына, 600 мың теңгеге дейінгі үйдегі техникаға және көршілеріңіздің алдындағы 600 мың теңгеге дейінгі жауапкершілікке қатысты. Өрт кезінде, су тасқыны болған жағдайда және тонап кету жағдайында да қолданылады", - дейді сақтандыру компаниясы филиалының директоры Гүлжан Абылқанова.

    Жарна көбейген сайын сақтандыру сомасы мен кейін алатын өтемақы көлемі де өсе береді. Сақтандыру компаниялары қазір халық көбірек білуі үшін ақпаратты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі цифрлық платформаларға енгізіп жатқандарын айтады. Ал заң жобасы әзірге дайындық үстінде. Құжат Құрылтай талқысына биыл жіберіле ме, жоқ па ол жағы әзірге беймәлім. Бір белгілісі, алдағы жылдары баспананы сақтандыру міндетті іске айналмақ.

    Авторлар: Дамир Берікұлы, Самат Сүлейманов, Қанат Әбілдин

    Қазақстанда алдағы жылдары баспананы сақтандыру міндеттелуі мүмкін

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.