"Сарапшылар көбейіп кетті": Жұманғарин ҚҚС өсімі нақты кімге әсер етпейтінін түсіндірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин cенат кулуарында Қазақстанда ҚҚС-тің өсуі нақты кімге әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлердегі кәсіпкерлер көкейінде ҚҚС өсіміне қатысты сұрақтар баршылық екенін айтты.
"Бұл бастамалар аясында сарапшылар көбейіп кетті. Неше түрлі мәлімдемелер айтылды. Мысалы, кеше, қателеспесем, қостанайлық, әлде шығысқазақстандық үй маңындағы дүкендердің иелері өз ойын ортаға салды. ҚҚС мәселесін өңірлік кәсіпкерлер палатасымен кездесуде талқылап, соңғы нанын тартып алады-мыс деген шағым айтты" - дейді Жұманғарин.
Ол ұсынылған реформаның кімге әсер етпейтінін тағы да түсіндіріп өтті.
"Біз халықпен жұмыс істейтіндердің, бөлшек саудамен айналысатындардың (үй маңындағы дүкендер, дүңгіршектер, палаткалар, шағын дүкендер, мейрамханалар, шаштараздар) барлығына бұл реформаның еш қатысы жоқ екенін айтумен келеміз. Олар бөлшек сауда режимінде жылдық жиынтық табысының 2,4 миллиард деңгейіндегі шегімен, әдеттегідей 4% төлеп, жұмысын жалғастыра береді. Олардың өмірінде ешқандай өзгеріс болмайды", - деп сендірді премьер-министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, жоспарланған реформа бизнестің өте тар санатына қатысты.
"Ал отбасын асырап, халықпен жұмыс істеп, базарда сауда жасайтындардың барлығына бұл реформаның еш әсері жоқ - бөлшек сауда салығы қалады. Әзірге біз олардың жылдық жиынтық табысын азайту немесе көбейту туралы ұсыныстарды қарастырып жатқан жоқпыз.
Әкiмдерде, бәлкiм әлі қалып тұр, оны алып тастаймыз, тiптi төмендету мүмкіндігін. Біз оны бірнеше жерде егжей-тегжейлі түсіндіріп бергенімізбен, көбі реформаның мәнін түсінбейді", - деп түйіндеді сөзін Жұманғарин.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2218482-sarapshylar-kobeiip-ketti-zhumangarin-qqs-osimi-naqty-kimge-aser-etpeitinin-tusindirdi/