14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгереді
Жарияланған күні:

Елде тұрғын үй кезегіне қоюдың жаңа тәртібі енгізіледі. Енді 50 пайыз немесе одан көп үлесі бар азаматтар мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Ал баспананың жартысынан аз үлесіне иелік ететіндерге бұл шектеу қолданыла ма? Бұрыннан кезекке тұрғандар не істейді? Бұл сұраққа "Астана" арнасының тілшісі жауап іздеп көрді.
Енді тұрғын үй кезегіне тұру үшін тек баспанасыз болу жеткіліксіз. Жүйе өтініш берушінің ғана емес, отбасы мүшелерінің де мәліметін тексереді. Жаңа ережеге сәйкес, азаматтың немесе оның жақындарының атында тұрғын үйдің 50 пайыз немесе одан көп үлесі болса, ол баспанаға мұқтаж ретінде тізімге енбейді. Ал үлесі мөлшерден аз немесе мүлде баспанасы жоқ болса, бұрынғыдай кезекке тұра алады. Солардың бірі Байтұрсын Смағұлов.
"Шамамен 6 жылдай болды. Енді бұйырса алып қалам ба деген ойдамын. Адамның өзі жеке болғаны дұрыс қой. Әр адамның тағдыры әр түрлі. Жастар болашақ үйлерін бөлек алады. Үлкен кісілердікі бөлек болу керек", - дейді қала тұрғыны Байтұрсын Смағұлов.
Сондай-ақ бұған дейін банк тұрғын үйді әрбір отбасы мүшесіне 15–18 шаршы метрден есептейтін. Бірақ көпбалалы отбасылар үшін 90–100 шаршы метрден асатын пәтерлер жетпей, кезегі келгенімен, сәйкес келетін тұрғын үйдің болмауы сияқты жағдайлар орын алатын. Енді пәтердің шаршы метрі емес, отбасы құрамындағы адам саны мен бөлмесі ескеріледі. Қыркүйектегі өзгеріс мұнымен бітпейді.
"Жетім балалардың құқықтарын қорғау күшейтіледі. Яғни 14 қыркүйектен бастап, мысалы, ол балалардың қамқоршылары немесе қорғаншыларының күші жойылған жағдайда балалардың бастапқы кезекке тұрған уақыты сақаталады. Және де жаңа есепке тұру барысында бастапқы кезекке тұрған күні, айына сәйкес өз кезегін ары қарай жалғастыра алады", - дейді Отбасы банкінің PR менеджері Мархабат Сынасапова.
Жаңа талаптар мемлекеттік қолдауды шынымен баспанаға мұқтаж азаматтарға бағыттауға арналған. Дегенмен тұрғын үйге ортақ үлеспен иелік ететін немесе мұрагерлік арқылы үлес алған азаматтар арасында түрлі сұрақ туындауы мүмкін.
"Бізде белгіленген заңдық мұрагерлер бар, одан кейін завещание дейміз ғой. Сол арқылы алатын мұрагерлер бар. Яғни осы тұрғыдан, сол мұраға сәйкес, қалған мүліктің 50 пайыздан астамына иелік ететін болса, яғни өзі қабылдап, соның иесі танылатын болса, онда әрине бұл да мүлік ретінде қарастырылады. Өйткені, ол мүлік қой", - дейді заңгер Альбина Бақтиярқызы.
Қазір тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың 70 пайызы ғана дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім берген. Ал бұл өз кезегінде тұрғын үйді бөлу үдерісінің жылдамдығы мен дұрыстығына елеулі әсер етеді.
Автор: Сержан Айтжан
- Елімізде баспананы жалға беру бағасы қай өңірде қымбат
- "Алматы жастары" бағдарламасына өтінім қабылдау қашан басталады
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/personal/2409506-14-qyrkuiekten-bastap-turgyn-ui-kezegine-turu-tartibi-ozgeredi/
