RU

Қырғыздың Бас прокуратурасы Атамбаевтың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғады

Алмазбек Атамбаев
Алмазбек Атамбаев. Фото: Pavel Lisitsyn / Host Photo Agency/Ria Novosti via Getty Images

Қырғызстанның Бас прокуратурасы бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа сыбайлас жемқорлық жасап, заңсыз байыды және қылмыстық кірістерді заңдастырды деген айып тақты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қырғызстан Бас прокуратурасына сілтеме жасаған 24.kg ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, сотқа жіберілген істе Атамбаевтан бөлек елдің бұрынғы вице-премьер-министрі Асқарбек Шадиев те көрсетілген.

Қылмыстық іс ҚР ҚК "Жемқорлық" және "Қылмыстық кірістерді заңдастыру" баптары бойынша қозғалған.

Басылымның жазуынша, іс Қырғызстанға 5,4 миллиард сомға жуық (28,5 млрд теңге) шығын келтірген Бішкектегі ЖЭО-ны жаңарту кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты.

"Алмазбек Атамбаев пен Асқарбек Шадиев және басқа адамдардың қылмыстық әрекетінің нәтижесінде мемлекетке аса ірі сомада 13 млрд 694 млн 673 мың 937 сом шығын келтірілген", - делінген Қырғыз Бас прокуратурасының хабарламасында.

Сондай-ақ құзырлы орган Атамбаевтың қылмыстық жолмен алынған басқа да активтерін елден және одан тыс жерлерден тауып, анықтауға тырысуда.

Еске сала кетсек, 20 қазанда премьер-министр әрі ел президентінің қызметін атқарушы Садыр Жапаров өзінің не себепті қамаудан босатылғанын, Алмазбек Атамбаевтың не үшін қайта қамалғанын түсіндіріп берген еді.

Айта кетсек, 6 қазанға қараған түні Бішкектегі наразылық акция кезінде бостандыққа шыққан елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 10 қазан күні қайта ұсталған еді.

Саясаткер Бішкектегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында тұтқындалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1880780-kyrgyzdy-bas-prokuraturasy-atambaevty-stinen-tagy-bir-kylmystyk-is-kozgady/