RU

АҚШ-тағы президенттік сайлау: Трамп ресми мәлімдеме жасады

АҚШ президенті Трамп
Дональд Трамп. Фото: Getty Images / Ethan Miller

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп халыққа үндеу жариялап, онда сайлаудағы қазіргі жағдайға пікір білдірді. Ол Джо Байден бастаған демократтарға бірқатар айыптар тағып отыр.

Трамп өз сөзін президенттік сайлауда жеңетіндігін жариялаудан бастады.

"Егер сіз заңды дауыстарды санасаңыз, онда мен сайлауда оңай жеңіске жетіп тұрмын, егер сіз заңсыз дауыстарды санасаңыз, олар жеңісті ұрлауға тырысуы мүмкін. Мен ірі бұқаралық ақпарат құралдарының, қомақты қаражат пен алпауыт технологиялардың араласуына қарамастан, көптеген маңызды штаттарда жеңіске жеттім", - дейді АҚШ президенті.

Дональд Трамп дауыстарды санау кезінде әділетсіздіктер орын алып жатқанына сенімді деп жазады Fox News.

Ол өз жақтастарының саны демократтардың жақтаушыларынан әлдеқайда көп екенін алға тартқан.

"Демократтар ешқашан да сайлауда әділ жеңіске жетемін деп үміттенген емес. Дауыстарды санау кезінде жемқорлық пен алаяқтыққа жол берілуде", - деді мемлекет басшысы өзінің үндеуінде.

Осыған байланысты ол саяси қарсыластарына жағдайды түсіндіруді сұрауда.

"Барлық демократтар мен Джодан (дауыстарды санауға байланысты- ред.) мән-жайды түсіндіріп беруді сұраймын. Сайлау күніне дейін келгеннің бәрін (дауыстарды - ред.) есептеңіз, ал кейін келгендердің бәрін есептемеңіз", - дейді Трамп.

Сөзінің соңында президент шын мәнінде кім жеңетіні маңызды еместігін алға тартып, сайлаудағы алаяқтықтың салдарынан АҚШ-тың абыройын түсіруге жол бермейтінін сөз етті.

Ол дауыстарды санау процесі АҚШ-тың Жоғарғы сотында аяқталуы мүмкін екенін жасырмады.

Естеріңізге сала кетейік, Джо Байденге жеңіс үшін бір қадам ғана қаланы белгілі болған еді.

Сол арада Нью-Йоркте, Вашингтонда және Детройтта наразылық акциялары басталып кетті. Шерушілер АҚШ-тағы президенттік сайлауда барлық дауыстардың есептелуін талап етуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1883324-aks-tagy-sajlau-tramp-resmi-mlimdeme-zasady/