Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзербайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

"Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзербайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді", - делінген жеделхатта

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтау маңында Әзербайжанның әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырағаны хабарланған. Кейін Көлік министрлігі ұшақ Бакуден Грозныйға бағыт алғаны жайлы хабар таратты. Ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен 52 маман мен 11 бірлік техника жұмылдырылды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды, өртті сөндіру жұмыстары дереу басталды.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдегендей, оқиға орнына 14 жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Алдын ала, расталмаған мәліметтер бойынша, бастапқыда алты адам аман қалғаны туралы хабарланған еді.

Көп ұзамай ұшақта болған Қазақстанның 6 азаматы болғаны анықталды.

"Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған", - делінген хабарда.

Оқиқаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын еске саламыз. Алдын ала мәлімет бойынша ұшақ не үшін Ақтауға бағыт алғаны мәлім етілді.

Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар, экипаж мүшелері тізімін жария еткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2204883-memleket-basshysy-azerbaizhan-prezidenti-ilham-alievke-kongil-aitty/