RU

Италиялық әнші Димашқа ән арнады (видео)

Димаш Құдайберген
Фото: dimashclub.ru

Италиялық әнші Фабио Касале Димаш Құдайбергеннің құрметіне ән арнады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фабио жаңа әнді өзінің YouTube-тегі парақшасында жария еткен. Үш минутқа созылатын ән орыс тіліндегі аудармасымен бірге жарияланған.

Онда италиялық әнші Димашты періштеге теңеп, Димаштың дауысы жүрекке үміт отын жағатын, жан жарасын емдейтін ерекше қасиетке ие екені сөз етіледі.

Фабио әнді "Шексіз періште" деп атаған. Әнді тыңдаған Димаштың жанкүйерлері италиялық әншіге мақтауларын жаудырды.

"Фабио, сіз керемет жансыз. Димаштың арқасында сіз секілді дарынды жандармен танысудамыз. Қазақстан өз ұлын мақтан тұтады", "Керемет дауыс, әдемі ән", "Димаш италиялық әндерді жақсы көреді, біз де оның Италияға қашан келетінін күтіп жүрміз", "Керемет жан туралы тамаша ән", - деп жазған пікір қалдырушылар.

Еске салсақ, бұған дейін Латвия радиостанцияларының бірі қазан айын Димаш Құдайбергеннің айы деп жариялағанын жазған едік. Яғни бір ай бойы әншінің туындылары бір күнде бес реттен радиода шырқалады.

Одан бөлек, MTV ерекше сұранысқа ие болған Димаш Құдайбергенді тағы да көрсететінін жазған болатынбыз. Димаш дауыс беру нәтижелері бойынша кештің ең сұранысқа ие бес әншісінің қатарына кірген екен.

Димаш Құдайбергеннің "Қайран елім" әніне қазақша бейнебаяны MTV USA телеарнасында шыққан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1882026-italialyk-nsi-dimaska-n-arnady-video/