RU

Роза Рымбаева, Сәкен Майғазиев бастаған әншілер Алматыдағы тойда көзге түсті

Рымбаева
Видеодан кадр: Әлеуметтік желілер

Әлеуметтік желіде Роза Рымбаева, Сәкен Майғазиев, Айдана Меденова және Жанболат пен Жазира сынды әншілердің қатысуымен өткен тойдың видеосы тарауда. Аталған фактіні мониторингтік топ зерттеп жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Видеоның карантин кезінде түсірілгенін Сәкен Майғазиевтің сөздері растайды.

"Той тойға ұлассын! Жаман індет жерге енсін. "Сәуір болмай, тәуір болмайды" дейді. Ереке кешегі күннен бастап, сәуірден бастап, тәуір күндеріміз бастала берсінші", - дейді әнші.

Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Алмалы ауданының мониторингтік тобы аталған фактіні зерттеп жатқандарын мәлім етті.

"Өткізілген іс-шаралардың мұрғаттағы видеосын зерттеу үшін мекеме әкімшілігімен жұмыс жүргізіліп жатыр", - дейді мониторингтік топ өкілдері.

Еске сала кетсек, бұған дейін мониторингтік топтан қашпақ болған әнші Қайрат Нұртас видеоға түсіп қалған еді. Бұл сәтті Алматы телеарнасының тілшілері түсіріп алған болатын.

Кейін өнер иесі бұл жайтқа қатысты пікір білдіріп, бір ағаларының туған күніне барғанын айтты.

Дегенмен, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әншіні жазасыз қалдырған жоқ. Қайрат Нұртасқа 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Бұл әншінің аты аталған алғашқы жағдай емес. Осыған дейін әлеуметтік желіде Семейдегі мейрамханалардың бірінде болған тойдың видеосы тараған еді. Желі қолданушыларының сөзінше, мерекелік шарада Қайрат Нұртас та болған. Артынша ролик желіден өшірілді. 

Кейінірек, жағдайға қатысты Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті пікір білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1906783-roza-rymbaeva-saken-maigaziev-bastagan-ansiler-almatydagy-toida-kozge-tusti/