"Жылуы жоқ түрмеде жазасын өтейді деп сенем": Димаш Құдайберген Екібастұз халқының жағдайына пікір білдірді
Жарияланған күні:
Қараша айының соңында Екібастұзда жылу электр орталығындағы апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған болатын. Танымал әнші Димаш Құдайберген Екібастұз тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, бұл оқиғаға жауапты адамдардың жазаға тартылатынына сенетінін Instagram парақшасында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Екібастұздағы халықтың жағдайы үшін алаңдап отырғанымды айтпасам да түсінікті болар. Менің парақшамды көптеген басқа мемлекеттің адамдары оқитын болғасын, ішкі мәселемізді сыртқа шығарғым келмеп еді.
Бірақ мына далада қалған аналарымыздың көз жасы зая кетпеу үшін ЖЭО басшысынан бастап, кінәлілердің барлығы жауапқа тартылып, жылуы жоқ түрмеде жазасын өтейді деп сенемін", - деп жазды Димаш Құдайберген.
Естеріңізге сала кетейік, Екібастұз тұрғындары қараша айының соңында жылусыз қалған болатын. Жылу электр орталығындағы апат салдарынан әлеуметтік нысандарда ауа температурасы төмендеген. Осы себепті балалар үйінің тәрбиеленушілері мен перзентханадағылар эвакуацияланды.
Сондай-ақ апат салдарынан мектептер мен балабақшаларда сабақтар тоқтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздың жылу электр орталығында апатқа байланысты үкімет пен облыс әкімдігіне тапсырма берді. Келесі күні Екібастұздың жылу электр орталығында апатқа байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды.
Арада үш күн өткенде Екібастұзда ЖЭО-дағы апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Ал 30 қараша күні кешке еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен бірнеше күн бұрын жылу беру жүйесінде апат болған Екібастұз қаласына барды. 2 желтоқсан күні Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылған Әбілқайыр Сқақов Екібастұздағы жағдайға байланысты қала тұрғындарынан кешірім сұрады.
3 желтоқсан күні апаттан кейін 48 үй жылуға қосылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2000126-zyluy-zoq-turmede-zazasyn-oteidi-dep-senem-dimas-qudaibergen-ekibastuz-xalqynyn-zagdaiyna-alandauly-ekenin-aitty/