Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қайрат Нұртастың ісі бойынша сот шешімі шықты

Опубликовано:

Қайрат Нұртас
Қайрат Нұртас. Фото: Instagram/kair_n

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әнші Қайрат Нұртастың ісіне қатысты үкім шығарды. Өнер иесіне 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сот өкілдері әкімшілік іс бір жыл ішінде қайталап жасалған ұсақ бұзақылық (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігі) және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 1-бөлігі) деректері бойынша қаралғанын мәлімдеді.

Істе Қайрат Нұртастың ұшақ бортында сөзге келіп қалып, жанжал кезінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені айтылады.

Бұдан бөлек, төбелес кезінде ол әдепсіз сөздер айтқан, қоғамдық тәртіпті бұзған.

"Соттың қаулысымен Қ.А. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігінде және 73-1-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды:

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты іс қысқартылды. 434-баптың 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан жасалғандықтан, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды", - делінген сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енбеген.

Сот өкілдері Қайрат Нұртас мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың 2024 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынғанын атап өтті.

Қайрат Нұртас өзіне тағайындалған жазаны қысқартуға мүмкіндік сұрады. Алайда судья оған не себепті 15 тәулікке қамауға алу жазасы беріліп отырғанын түсіндірді.

"Қайрат Нұртас, сіз іс-әрекетті бір айдың ішінде қайтадан қайталап жасап отырсыз. Сондықтан сіздің іс-әрекетіңізді екінші бөлігімен заң бойынша саралауға тура келеді. Бұл бап бойынша тек қана баламасыз санкция көрсетілген. Айыппұл немесе кешірім беру бұл бағытта екінші бөлігінде көрсетілмеген", - деді судья.

Еске сала кетейік, сәуір айының соңында Қайрат Нұртасқа концертте былапыт сөз айтқаны үшін айыппұл салынған болатын.

Айта кетейік, бүгін, 5 шілдеде әнші Қайрат Нұртастың ісі бойынша сот отырысы өтті. Әнші бұзақылық жасап, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірді деп айыпталған. Істі Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Сот отырысы барысында Қайрат Нұртас ұшақ бортындағы төбелес неден басталғанын айтып берді.

Сонымен қатар жәбірленуші Асылбек Бекқайыров әншіге шағымы жоқ екенін айтып, әкімшілік істі қысқартуды сұрады.

Сот отырысы кезінде Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова да сөз сөйледі.

Прокурор Қайрат Нұртасты 15 тәулікке қамауға алуды сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2129580-qairat-nurtastyng-isi-boiynsha-sot-sheshimi-shyqty/