RU

Нұр-Сұлтанда Жаңа жыл мерекесі қалай тойланады: Әкімдік жауап берді

Нұр-Сұлтан қаласы
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде жаңажылдық іс-шаралар мәселесі қарастырылып жатыр. Оның өту-өтпеуі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қандай да бір жаңажылдық шараларды өткізу мен олардың форматтары эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Қазір көріп отырғанымыздай, көптеген шара онлайн, санитарлық нормаларды қатаң сақтау арқылы өтіп жатыр",- деді әкімдіктің баспасөз қызметінде.

Соған қарағанда қалада жаппай мерекелік шаралар шектеулермен өтуі немесе мүлде өтпеуі мүмкін. Әкімдік нақты жауапты кейінірек ұсынуға уәде берді.

"Біз қосымша ақпаратты ұсынамыз", -деп түйіндеді қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Instagram парақшасында тұрғындарға үндеу жасады.

Өйткені, елордада коронавирустың таралу қарқыны өсуде. Салдарынан Нұр-Сұлтан қаласы ресми түрде "сары аймаққа" енгізілді.

"Бүгін біз қалаға жақын аймақтар - Ақмола және Қостанай облыстарында дерттің таралу деңгейі жоғары екенін ескере отырып, тәуекелге бармауды жөн санадық. Олар да "сары аймаққа" енгізілді. Бүгінде, ең алдымен, "қызыл аймаққа" жатқызылған Шығыс Қазақстан облысынан өзге өңірлерге дерт таралып жатқанын байқауға болады", - деді Нұр-Сұлтан қаласының бас дәрігері.

Елордада апта ішінде коронавирус жұқтырған науқастардың санының өсуі 28 пайызды құрап, 1,2 есе жоғары деңгейді көрсетіп отыр дейді Жанна Пірәлиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884346-nr-sltanda-zaa-zyl-merekesi-kalaj-tojlanady-kimdik-zauap-berdi/