RU

Елордада түнде ресторанда көңіл көтерген 70 адам үйіне қайтарылды

Дастархан
Көрнекі фото: pexels.com

Елорда полициясы карантин режимін бұзушыларды анықтауға бағытталған жұмысын жалғастыруда деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері қаулысындағы шектеулерге қарамастан кей азаматтар карантин режимін елемей, басқа тұрғындарға да қауіп төндіріп отыр. Олар көңіл көтеру орындарына, дәмханалар мен мейрамханаларға баруын доғарар емес.

Мәселен, елорданың полиция қызметкерлері мониторинг топтың құрамында рейд өткізіп, оның барысында "ZOLOTO" мейрамханасында шамамен 70 адамның көңіл көтеріп отырғанын анықтады.

"Клиенттер мейрамханада әлеуметтік арақашықтықты және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамаған. Көңіл көтеру орнының иесі мен келушілер салынған тыйымға қарамастан төңірегіндегі адамдардың денсаулығына қауіп төндірген", - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен.

Аталған көңіл көтеру орнына қатысты материал жиналып, санитариялық-бақылау басқармасына әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Асқар Хорошаш COVID-19 індетінің таралуы бойынша "қызыл" аймаққа кірген өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

"Жалпы алғанда, 696 науқас жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылды, оның 76-сы ауыр, қалғандары орташа ауыр жағдайда. Карантиндік ауруханаларда 19 адам емделіп жатыр", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885359-elordada-tnde-restoranda-kil-ktergen-70-adam-jine-kajtaryldy/