Елордада қос зейнеткердің "ақтық сапарға" жинаған ақшасы жарамсыз болып қалған
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласында қос зейнеткердің өздерінің ақтық сапарына деп жинаған 690 мың теңге ақшасы жарамсыз болып қалыпты. Қомақты соманы олар бірнеше жыл жинаған екен деп хабарлайды 31 арна.
Ерлі-зайыптылардың қаражатты қолданыстан шығып қалған 10 мың теңгелік банкнотамен сақтағаны белгілі болды.
Ал банкнотаның ауысқанын олар кеш естідік деп отыр. Екі қызына ауыртпалық түсірмеу үшін қариялар өз қаражаттарын өздері дайындап жүргенін жеткізді.
8 жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан Александр Дромовтың сөзінше, олар 690 мың теңгені қобдишада сақтап келген. Ақшаның жарамсыз екенін дәрі-дәрмекке шетінен алып жұмсамақ болған кезде бір-ақ біліпті.
"Жаназамызға қажет болады деп сақтадық. Одан кейін кемпірім екеуміз жиі ауырамыз. Оның аяғына операция жасату керек, маған да екі бірдей операция қажет. Коронавируспен ауырып қалып дәріге ақша жетпей кетті. Егер ауырмасақ, жинағанымыздың жарамай қалғанын әлі де білмей жүре берер едік", - дейді ол.
Зейнеткер жарамсыз боп қалған бір бума ақшаны қойнына тығып Ұлттық банк филиалына да, "Нұр Отанға" да көмек сұрап барғанын жасырмады.
Филиал заң бойынша ештеңе істей алмаймыз деп бас кеңсеге жіберсе, ал билік партиясынан әлі жауап келмеді, дейді Александр Дромов.
Ал оның жары Ольга Николаевна болса, өздерінен де кінә бар екенін айта келе, тиісті мекемеден көмек сұрады.
"Дәл қазір осы іске жауапты басшылардан көмек сұраймыз. Мұндай жағдайда қалған біз ғана емес, біраз адам бар екен. Салғырттық таныттық. Бізден де кінә бар", - дейді ол.
Ал ұлттық банк зейнеткерлердің мәселесін қараусыз қалдырмаймыз деп отыр. Ведомство мәліметінше, 2006 жылдан бері келе жатқан 2000, 5000, 10 мың теңгелік банкноттар қолданыстан шыққалы көмек сұрап келіп жатқандардың қарасы көп екен. Сол себепті "қазіргі айналымдағы ақшаларға айырбастау мерзімін ұзартуға мүдделі. Нақты қандай мерзімге ұзартылатыны туралы мәліметті жақын арада жариялаймыз" деп жауап берді Ұлттық банк.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысында танысқан қызбен киноға барғысы келген зейнеткер ақшасынан айырылып қалғанын жазған едік.
Сондай-ақ Алматы облысының полицейлері алаяқтықтың алты фактісіне қатысы бар әйелді ұстағаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887845-elordada-kos-zejnetkerdi-aktyk-saparga-zinagan-aksasy-zaramsyz-bolyp-kalgan/