RU

Қазақстан коронавирус бойынша "сары" аймаққа кірді

Коронавирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы, Нұр-Сұлтан және бүкіл республика аумағы коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша "сары" аймаққа енді. Мұндай деректер Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сайтында ұсынылған елдегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында келтірілген.

Сайттағы ақпаратқа сүйенсек, 25 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы коронавирус бойынша "жасыл" аймаққа оралған.

Алайда ел бойынша коронавирустың таралу көрсеткіші өсіп, Қазақстан "сары" аймаққа енген.

Сонымен бірге Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары "сары" аймақта тұр. Ал "қызыл" аймақта Атырау облысы ғана қалған. Басқа өңірлердің барлығы "жасыл" аймақта.

Қазақстан аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы
Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы. Фото: hls.kz

Еске сала кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте 736 адамнан коронавирус анықталды. Ал ел бойынша ауырғандардың жалпы саны 150 198-ге жетті.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысымен 26 желтоқсаннан бастап қаладағы кинотеатрлардың жұмысына рұқсат етілді.

Сонымен қатар мереке қарсаңында мейрамханалардың, кафелердің, барлардың, асханалардың жұмыс уақыты үлкен кезектер туындауына жол бермеу мақсатында 24:00-ге дейін ұзартылады.

Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шараларды сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек.

Сондай-ақ 25 желтоқсаннан бастап елордада супермаркеттер мен гипермаркеттерге де тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890939-kazakstan-koronavirus-bojynsa-sary-ajmakka-kirdi/