RU

Вакцина салдыруға мәжбүрлеп жатса не істеу керек: Министрлік жауап берді

Вакцина салу
Көрнекі сурет: pexels.com

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ОКҚ-дағы онлайн-брифингте медицина қызметкерлерін коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыруға мәжбүрлеген жағдайда қайда және кімге шағымдана алатындарын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналистер Талдықорғандағы облыстық ауруханада болған жағдайды еске түсірді. Мейірбике "Спутник V" вакцинасын салдырғаннан кейін есін жоғалтқан болатын.

Тілшілердің айтуынша, кейінірек интернетте дәрігерлерді вакцинациядан бас тартқаны үшін жұмыстан шығарамыз деп қорқытып жатқаны туралы ақпарат пайда болған.

Мәселен осыған ұқсас шағым тараздық медицина қызметкерлерінен де түскен.

Осыған байланысты журналистер "дәрігерлер өз құқығын қорғау үшін кімге жүгіне алатынын және мұндай жағдайда заң бойынша кім жауапкершілікке тартылатынын" сұрады.

"Біз әрбір жайтты тексеріп, қажетті шаралар қабылдаймыз. Департаменттер, министрліктер, денсаулық сақтау министрлігі комитеттерінің бөлімшелері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері бар. Медицина қызметкерлері (егер оларды вакцина салдыруға мәжбүрлеген болса - ред.) сол жерге жүгіне алады", - дейді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Айта кетсек, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" Кодексінің 77-бабына сәйкес қазақстандықтар екпе жасатудан бас тартуға құқылы.

Сонымен қатар бұған дейін де денсаулық сақтау министрлігі елімізде коронавирусқа қарсы вакцина ерікті және тегін болатынын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897220-vakcina-saldyruga-mazburlep-zatsa-ne-isteu-kerek-ministrlik-zauaby/