Түркістан облысында үш баланы қағып, оқиға орынан қашып кеткен ер адам ұсталды
Опубликовано:

Түркістан облысында кәмелетке толмаған үш жеткіншекті қағып, оқиға орынан қашып кеткен күдікті ұсталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 14 ақпанда Жетісайда жол апатынан зардап шегіп, түрлі дене жарақатын алған үш жасөспірім аурухана жеткізілген.
16 және 13 жастағы жеткіншектер ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал жарақаты ауыр төрт жасар бүлдіршін жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Аталған жайт бойынша тәріп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні анықтауға кіріскен.
"Оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттардың "Ауди-100" маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжанып, іздестірілу жұмыстары жоғары деңгейде атқарылды", - дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Нәтижесінде оқиғаға қатысы бар күдікті ретінде 40 жас шамасындағы жергілікті тұрғын ұсталған. Тәртіп сақшыларының болжамы расталып, ер адамның "Ауди-100" маркалы көлігі бар екені анықталған.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік айып тұрағына қойылған. Сонымен бірге тиісті сараптамалар тағайындалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы тергеу изоляторынан сотталушы қашып кеткенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899460-turkistan-oblysynda-us-balany-qagyp-oqiga-orynan-qasyp-ketken-er-adam-ustaldy/