Шахтинскіде зейнеткердің 340 мың теңгесін өз қызметшісі қолды қылған

Опубликовано:

Ақша теңге1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қарағанды облысы Шахтинск қаласында үй шаруашылығына көмектесіп жүрген әйел зейнеткердің 340 мың теңгесін қолды еткен деп хабарлайды Polisia.kz.

16 ақпан күні Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөліміне қалаға қарасты ауылдардың бірінің 64 жастағы тұрғыны шағымданды. Зейнеткер полиция қызметкерлеріне белгісіз біреудің өзінің банк карточкасынан 340 мың теңге ақшасын шешіп алғанын айтқан.

Мән-жайды анықтау барысында банк карточкасы зейнеткердің өзінде болғаны, зейнеткердің ақшаның жоғалғанын кезекті ақша шешуге барғанда бірақ білгені, жәбірленушіге анда-санда бір әйелдің үйін жинап, дүкеннен азық-түлік әкеліп беріп жүргені белгілі болды.

Алайда аталған азаматшаның әуелден жымысқы ойы болған. Ол үйге келіп жүргенде еркін қол жеткізу арқылы банк карточкасын алып, ішіндегі ақшасын шешіп алып, кейін оны орнына әкеліп қойған.

Полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 48 жастағы азаматшаны ұстады. Ол қылмысын мойындады.

Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салсақ, Ақмола облысының полиция қызметкерлері өз үйінен ақша ұрлаған бойжеткенді әшкереледі. 15 ақпанда Көкшетау қаласының полиция басқармасының кезекші бөліміне 40 жастағы жергілікті тұрғын белгісіз біреулердің тұрғын үйіне кіріп, шкафтағы ақшасын ұрлап әкеткені туралы арызданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899812-saxtinskide-zeinetkerdin-340-myn-tengesin-oz-qyzmetsisi-qoldy-qylgan/