RU

Елімізде картоп бағасы неге қымбаттап кетті: Ауыл шаруашылығы министрі себебін түсіндірді

картоп 132
Көрнекі фото: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанда картоп бағасының қымбаттау себебін түсіндірді деп хабарлайды Қазақпарат.

"Бағаға қатысты айтар болсақ, онда бүгінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қоймаларынан картоптың 1 келісін 200 теңгеден сатып жатыр. Ал қалған 200 теңгені делдалдар немесе ірі сауда дүкендері өздері қосып отыр", - дейді Сапархан Омаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, елімізде картоп жеткілікті көлемде өсіріледі.

"Тіпті, ертең ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер картоп өнімдерін өз құнына сата да алмай қалуы мүмкін. Мұндай жайт өткен жылы орын алған болатын. Сондықтан картопты шамадан тыс өсірмеуге кеңес берер едім", - дейді ол.

Айта кетейік, соңғы аптада елімізде картоп бағасы күрт қымбаттап, 1 келісі 400 теңгеден сатылып жатқаны белгілі болған еді.

Мәселен, осыдан бір апта бұрын келісі 250-270 теңге тұрған картоп Атырау мен Ақтөбеде 400 теңгеден сатылып жатса, Семейде сәбіздің құны келісіне 500 теңгеге өскен.

Мұны сатушылар қордағы көкөністің азюымен байланыстырады. Оған қоса оңтүстіктегі өндірушілер де бағаны көтеріп жіберген.

Көкөніс құнының қымбаттауына өткен аптадағы жүк көлігі жүргізушілерінің наразылығы да себеп болған көрінеді. Өйткені біраз күнге қатынас тоқтаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916908-elimizde-kartop-bagasy-nege-qymbattap-ketti-auyl-saruasylygy-ministri-sebebin-tusindirdi/