RU

1 қыркүйек - "Білім күніне" арналған шараға тек бірінші сынып оқушылары қатысады

Қоңырау
Көрнекі фото: pixabay.com

Үкіметтің онлайн отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйек - "Білім күніне" арналған салтанатты шара бірінші сынып оқушылары үшін ғана ұйымдастырылатынын айтты. Ал басқа сыныптар үшін бұл күні сынып сағаты болады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Білім күні" мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара дәстүрлі форматта бірінші сынып оқушыларының қатысуымен өтеді. Балаларға мектеп аумағында алғашқы оқулық "Әліппе" табысталады", - дейді Асхат Аймағамбетов.

"Білім күні" ашық аспан астында атап өтіледі. Ал 2-11 сыныптар үшін 1 қыркүйек күні өздеріне бекітілген сыныпта сынып сағаты өтетін болады.

Еске сале кетсек, бұған дейін биыл оқушылар дәстүрлі форматта оқитынын жазған едік. Бұл туралы үкімет отысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтқан болатын.

Одан бөлек, еліміздің барлық мектебінде Ashyq жүйесі енізілетін болды. Премьер-министр Асқар Мамин білім беру ұйымдарына педагогтер, қызметкерлер мен ата -аналардың кіруі үшін Ashyq жүйесін енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру ұйымдарындағы педагогтар мен оқушылар, студенттер маска тағуы керек екенін мәлім етті.

"Барлық ғимаратта дезинфекциялау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Оқушылар мен студенттер, педагогтар мен басқа қызметкерлер ғимараттарға Ashyq жүйесі арқылы кіреді. Жұмыскерлердің вакцина алуына да ерекше көңіл бөлінеді. Оған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, "бір сынып-бір кабинет" жүйесі жұмыс істейді. Барлық бұқаралық шараға тыйым салынады", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1926685-1-qyrkuiek-bilim-kunine-arnalgan-saraga-tek-birinsi-synyp-oqusylary-qatysady/