Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атом жарылысына тең": Әскери сарапшы Жамбыл облысындағы ТЖ қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Виктор Литовкин
Виктор Литовкин. Кадр: Sputnik Қазақстан

Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстың күші 5 килотонна атом жарылысына тең. Бұл туралы ресейлік әскери сарапшы әрі журналист Виктор Литовкин Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұқбатында айтты.

Әскери сарапшының пікірінше, Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы жарылысқа адами фактор себеп болуы әбден мүмкін.

"Егер қоймалар жер астында болмаса, оның маңындағы шөп шабылмаса, ағаштар оқ-дәрі қоймасынан қажетті қашықтықта орналаспаса, түрлі шынының қалдықтары шашылып жатқан болса, осының барлығы оттың тұтануына әкеліп соғады. Қоймаларда, сәйкесінше, өрт сөндіру жабдықтар болуы керек. Үшіншіден, қоймаларға темекі тартқан, сіріңке ұстаған адамды жібермеу, тіпті бөтелке қалдықтары жатқан-жатпағанына қадағалап, аса мұқият қараған жөн.

Себебі, мұндай бөтелкелер күн сәулесімен әсерлесіп, айналадағы шөптердің жануына, өрттің шығуына әсер етуі мүмкін. Шөпті де үнемі орып отыру керек. Біреу темекі тартып, тұқылын тастай салса да, өрт шығады және мұның барлығы адами фактор. От тұтанған соң оны өшіруге тырысады, алайда бір снаряд болсын жарылса оны сөндіру мүмкін емес. Өйткені оның жарықшақтары жүздеген метрге ұшады. Снарядтардың өзі де ұшады. Оны көтеру мүмкін емес. Кез келген әрекет жарылыспен аяқталуы мүмкін", - дейді Виктор Литовкин.

"Бұл қоймадағы жарылысқа біреудің әсері болуы мүмкін бе?", - деген сұраққа жауап берген сарапшы диверсия нұсқасын жоққа шығарды.

"Қойманы жару онда жұмыс істейтін адамның ғана қолынан келеді. Себебі оған бөтен адам кіре алмайды. Әлдебіреу диверсия жасаған болса, қойманың қоршауынан өтіп кетсе, ондай ақпарат берілер еді. Ал ондағы қызметкерлердің бірі біреуден өшін алу үшін диверсия жасаған болса, өзін-өзі өлтіргісі келген болса, немесе командиріне өштіккен болса, ол да мүмкін. Неше түрлі адамдар бар. Бірақ, мысалы қорғаныс министрін орнынан тайдыру үшін біреу қасақана жасаған деген нұсқаны қарастырсақ, сол үшін ол адам қойманы жаруға дейін барады деп ойламаймын.

Себебі, бұл жайттан соң министр орнынан кетпеуі де мүмкін еді ғой?! Біздің Ресейде мұндай қаншама қойма жарылды, бірақ бір де бір министрдің орнынан кеткенін көрмедім. Мүмкін, менталитет басқаша шығар. Сіздердің министрлеріңіздей сезімтал емес шығар. Әлде оның кетуін біреу талап еткен шығар. Бірақ, бұл жайтты біреуді аяқтан шалу деп ойламаймын. Бұған салғырттық себеп болған сияқты", - деді ол.

Виктор Литовкин өрттің шығуына негізінен салғырттық себеп болды деген нұсқа ойға қонымды дегенді алға тартты. Жарылыстың болмауы үшін қойма аумағына уақытылы тазалап, уақытылы ретке келтіруге үлкен мән беріліп, тәртіп сақталуы тиіс дейді ол.

"Естуімше онда 500 тоннадан астам жарылғыш зат сақталған. Бұл 5 килотонна атом жарылысына тең. Әрине айналаға радиациялық қауіп төнген жоқ. Бірақ, жарылыс күші айтарлықтай екпінді болды. Терезелер шағылды, адамдар ұшып кетті", - дейді сарапшы.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Соңғы мәліметтер бойынша апат салдарынан көз жұмғандар саны 15 адамға жетіп отыр.

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Одан бөлек, 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930235-atom-zarylysyna-ten-askeri-sarapsy-zambyl-oblysyndagy-tz-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel