Ақтау әуежайында Дубайға ірі көлемде доллар алып өтпек болған азамат ұсталды

Опубликовано:

Доллар
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтау әуежайында ірі көлемдегі шетел валютасын Дубайға алып өтпек болған қазақстандық азамат ұсталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомствоның хабарлауынша, 31 қаңтарда Ақтау-Дубай халықаралық рейсін рәсімдеу барысында кедендік бақылау 1987 жылы туған қазақстандықтан 10 700 АҚШ доллары көлемінде декларацияланбаған қаражатты анықтаған.

Ұсталған азаматтың сөзінше, ол шетелге алып шығатын қаражат көлемі 10 000 доллардан асқан жағдайда декларация толтыру керектігін білмеген.

Ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 551-бабының 3-бөлігімен ( жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және жазбаша декларациялауға жататын ақша қаражаты мен ақша құралдарын Декларацияламауы не дұрыс декларацияламауы" ) әкімшілік іс қозғалды.

Оған 10 АЕК (30 мың теңге көлемінде) көлемінде айыппұл салынды. Ақша өзіне қайтарылды.

"Жыл басынан бері кеден бекеті жеке тұлғалардың кеден заңнамасын бұза отырып қолма-қол ақшаны әкетуінің 2 фактісін анықтады, бұған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалды. Жолаушыларға ЕАЭО кедендік шекарасынан кесіп өту кезінде валютаны алып өту ережелерін сақтау қажеттігін ескертеміз", - деді «Әуежай-Ақтау» кеден бекетінің басшысы Мұрат Бәйгебаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1954009-aqtau-auezaiynda-dubaiga-iri-kolemde-dollar-alyp-otpek-bolgan-azamat-ustaldy/