Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

26 жыл бұрын жоғалған Қырғызстан азаматы Талдықорғаннан табылды (фото)

Опубликовано:

Кенжебек Аронов
Кенжебек Аронов. Фото: Ғазиз Аманжолұлының мұрағатынан

Талдықорғандағы Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына осыдан бір жыл бұрын есте сақтау қабілеті нашар, аты-жөні белгісіз ер адам келіп түскен. Жасы 65-тер шамасындағы ер адам жақында Қырғызстаннан келген туыстарымен қауышты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бейімдеу орталығы қызметкерлерінің мәліметінше, 2021 жылы 8 қазанда мекемеге 60-65 жас шамасындағы есте сақтау қабілеті нашар ер адам түскен. Ол өзінің аты-жөні, туған күні мен туыстарын есіне түсіре алмаған. Сол себепті оның жеке басын анықтау қиынға соққан.

Әлеуметтік қызметкерлер оны "белгісіз тұлға" ретінде тіркегеннен кейін тиісті органдарға сұраныс жолдап, облыстық Жетісу телеарнасы мен "Бармысың бауырым" радиобағдарламасы арқылы оның туыстарын іздестіріп жатқаны туралы хабарлаған. Орталық мәліметінше, белгісіз ер адамның кім екенін анықтауға блогерлер де ат салысқан.

Сонымен қатар бұл жұмысқа аталған радиобағдарламаның еріктісі Ғазиз Аманжолұлы да қосылған.

Кенжебек Аронов бейімдеу орталығында
Кенжебек Аронов бейімдеу орталығында. Фото: Ғазиз Аманжолұлының мұрағатынан

Орталықтың әлеуметтік қызметкерлері жүргізген жұмыс нәтижесінде бұл азаматтың Қырғызстан азаматы және отбасының бар екені белгілі болған. Оған себеп - ер адам туған жылы, әйелі мен баласының есімдерін есіне түсірген.

Сол деректер бойынша ерікті Ғазиз Аманжолы бірқатар жұмыс жүргізгенін айтады.

"Осы мәселе бойынша парламент мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік комитетінің төрайымы, депутат Айгүл Құспанға хат жаздым. Ол кісі Қырғыз еліндегі Жогоргу Кенештегі әріптестерімен хат алысып, іздеу жұмыстарына көмек көрсетті. Жұмыс барысында оның Қырғыз республикасының азаматы екені расталды", - дейді ерікті Ғазиз Аманжолұлы.

Еріктінің айтуынша, Кенжебек жылдар бойы мал бағумен айналысқан.

Кенжебек Аронов бейімдеу орталығында
Кенжебек Аронов бейімдеу орталығында. Фото: Ғазиз Аманжолұлының мұрағатынан

Биыл қараша айында 65 жастағы қарияның Қырғызстанның Ақбұлақ ауылында туғаны және екі ұлы, бір қызы бар екенін анықталған. Жақында Кенжебек Аронов 26 жыл бойы көрмеген туыстарымен қауышты.

Кенжебек Ароновтың Қырғызстаннан келген балалары мен туыстары әкесін анықтауға және отбасына қосуға көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін телеарна мен ерікті Ғазиз Аманжолұлына, блогерлерге, мәжіліс депутаты Айгүл Құспанға, әлеуметтік бейімдеу орталық басшылығына үлкен алғыс білдірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001707-26-zyl-buryn-zogalgan-qyrgyzstan-azamaty-taldyqorgannan-tabyldy-foto/

pixel