Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ескі көлікке орнатуға болады": ШҚО-да студент көлікті тұраққа қоюды жеңілдететін құрылғы ойлап тапты

Жарияланған күні:

Әділет Амангелдин
Әділет Амангелдин жобасын қорғаған сәттен фото: Әділет Амангелдиннің жеке мұрағатынан

Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 2 курс магистранты Әділет Амангелдин көлікті тұраққа қоюға арналған ультрадыбыстық радар құрастырып шықты. Осы орайда 22 жастағы өнертапқыш KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, идеясын қалай жүзеге асырғаны, болашаққа жоспары туралы айтты.

Әділет магистратурада "информатика" мамандығын игеруде. Ол таяуда өзінің "ультрадыбыстық датчигі бар тұрақ радары" жобасын көпке таныстырды. Оның сөзінше, құрылғы - қазіргі көліктердегі парктрониктің баламасы, оның көмегімен көлікті тұраққа қою біршама жеңілдейді. Айта кетерлігі, бұл құрылғы - портативті, яғни, оны бір жерден екінші жерге тасымалдауға болады.

тұрақ құрылғысы
Әділет құрастырған тұрақ радары. Фото: Әділет Амангелдиннің жеке мұрағатынан

Бұл идея Әділетке үшінші курс оқып жүргенде келген, кейін карантин кезінде сол идеяны жүзеге асыруды жөн санаған.

"Бұл идея туралы үшінші курста оқып жүргенде ойлана бастадым. Университетте сол уақытта робототехника кабинеті ашылды. Өзім көлікке қатты қызығатындықтан, сол нәрсені жасап көруді жөн деп таптым. Интернеттен қарадым, көп ойландым, жаңа нұсқасын жасағым келді, сонымен айналысып, жобаға біраз уақытымды жұмсадым", - дейді 2 курс магистранты.

Сондай-ақ Әділет өз жобасын Түркияның Невшехир қаласында өткен халықаралық көрмеде көпшілікке таныстырған.

"Кападокиядағы STEM бағытындағы (ғылым, технология, инжиниринг, математика) халықаралық көрмеде менің жұмысыма көптеген елдің өкілі қызығушылық танытты. Көрмеге Австрия, Швециядан, Еуропаның тағы басқа елдерінен көп студент қатысқан болатын", - дейді ол.

Түркияда өткен жобалар көрмесі
Әділет Түркияда өткен жобалар көрмесінде. Фото: Әділет Амангелдиннің жеке мұрағатынан

Әділеттің айтуынша, бұл құрылғы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Радардың қазіргі заманауи көліктегі парктрониктен айырмашылығы оларды кәсіби мамандар жасаса, Әділеттікі қарапайым нұсқасы.

Радарды Әділет гаражға орнатып тексеріп көргенін айтады. Құрылғы монитормен, дыбыс арқылы және жарық диодымен заттың жақын немесе алыс тұрғаны туралы белгі бере алады. Жас өнертапқыш осы аталған үш нұсқасын да жасап көрген.

"Негізі бұл құрылғыны парктроник функциясы жоқ ескі көлікке орнатуға болады. Мен оны жақын арада сондай көлік тауып, тексеріп көруім керек. Оның дисплейі бар, құрылғыны көліктің ішіне қоюға болады. Құрылғының жұмысын оған басқа заттарды алыстатып, жақындатып тексеріп көрдім, онда ешқандай қате шығарып тұрған жоқ", - дейді Әділет.

Әділет осы салада оқуын жалғастырып, докторантураға түсуді жоспарлап отыр. Ол бұдан басқа тағы бір жобаға лайық идеясы барын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2003393-eski-kolikke-ornatuga-bolady-sqo-da-student-kolikti-turaqqa-qoyudy-zenildetetin-qurylgy-oilap-tapty/