Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы басталды

Опубликовано:

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы басталды
Гүлмира Сатыбалды. Видеодан кадр: КТК арнасы

Алматыда Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы басталды. Оған бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды және адам ұрлады деген айыптар тағылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, бизнестің рейдерлік жолмен тартып алынғанын екі кәсіпкер мәлімдеген. Келтірілген шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асады.

Айыпталушы орындығында Гүлмира Сатыбалдыдан бөлек, тағы екі адам бар. Олардың бірі - Гүлмира Сатыбалдының көлік жүргізушісі, бірі адам ұрлау қылмысын жасады деп күдікке ілінген тұлға.

Ал белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзов бұл іс бойынша жәбірленуші болып отыр. Тергеу мәліметінше, Гүлмира Сатыбалды сусын шығарумен айналысатын ірі компаниялардың акцияларын тартып алмақ болған.

Сондай-ақ телернаның хабарлауынша, Гүлмира Сатыбалданың адвокаттары бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді және сот процесін Астанада өткізуді сұраған. Онда айыпталуышының өзі және істі тергеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бар. Дегенмен, судья Гүлмира Сатыбалдыны қамаудан босатпаған. Бірақ қылмыстық іс бұдан былай елордада қаралатын болды.

"Гүлмира Сатыбалды 2020 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында Алагөзовке моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, Galanz Bottlers АҚ акцияларының 45,25 пайызын қайта жазуға мәжбүрлеген. Гүлмира Сатыбалды мен Батыршаев Өтебековтың қатысуымен Микешеваны ұрлауды ұйымдастырған. Оны Алматы облысы Жандосов ауылындағы яғни қала сыртында орналасқан үйге апарып, қорқытып, психологиялық қысым көрсетіп, алдын ала дайындалған құжаттарға қол қойғызған", – дейді прокурор Акромат Мұхтаров.

Дереккөз: КТК арнасы

Еске сала кетейік, былтыр наурыз айында Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдының ұсталғаны белгілі болған еді. Жемқорлыққа қарсы агенттік Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Гүлмира Сатыбалдының Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйек айында Антикор Гүлмира Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Желтоқсан айында Антикоррупциялық қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорындардың қатысу үлестерін заңсыз иемденудің екі дерегі, соның ішінде адам ұрлау фактісі бойынша тергеуді аяқтағанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005109-gulmira-satybaldyga-qatysty-sot-otyrysy-bastaldy/

pixel