Қазақстандықтар Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге киіз үй алу үшін 18 млн теңгедей қаражат жинаған
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар Түркияда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 18 млн теңге жинаған. Бұл қаржыға 40-қа жуық киіз үй алып, Түркияның Қазақстандағы бас консулдығына жеткізу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған бастаманы журналист Нұрбек Бекбау көтерген. Оны белгілі қазақстандық әнші Сәкен Майғазиев қолдап, нәтижесінде екі күн ішінде шамамен 18 млн теңгедей жиналған.
Қаражат жинау 7 ақпанда басталған.
"Бұл қаражат шамамен 40 киіз үй сатып алуға жеткілікті. Біздің жігіттер Алматының шетінде орналасқан киіз үй цехымен келісті. Сертификатты, киіз үйлердің сапасын тексереміз. Бортқа жүктеу үшін арнайы құжаттар қажет екен. Біз қазір киіз үй сатып алуға бара жатырмыз. Камазға тиеп, Қазақстандағы Түркияның бас консулдығына апарамыз. Түркия билігімен киіз үйлерді тезірек жеткізу үшін келіссөздер жүргізілуде", – дейді Нұрбек Бекбау ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Ол шатыр жеткізуге болатын кезде неліктен киіз үй алып жатқанын да түсіндіріп өткен.
"Біз киіз үйді жайдан-жай таңдамадық. Біріншіден, шатырда тек 5-6 күн тұрасыз, ал киіз үйде ұзақ уақыт өмір сүре аласыз. Кілем мен көрпе төсесеңіз, киіз үй жайлы үйге айналады. Екіншіден, көріп отырғаныңыздай, Түркияда үйлер қирап жатыр. Егер біз шатыр орнатсақ, төбеден құлаған бір тас шатырды зақымдауы мүмкін, ал киіз үй оңайлықпен зақымдалмайды.
Киіз үйдің психикалық, психологиялық маңызы да бар. Түріктер Қазақстанды "Атажұрт" деп атайды, өйткені Қазақстан аумағы – барлық түркілердің, оның ішінде қазіргі түріктердің ата-бабаларының отаны. Біз Түркиядағы бауырларымызға әрқашан көмек көрсететінімізді және ынтымақты көрсеткіміз келеді", – дейді Нұрбек Бекбау.
Әзірге бастамашылар қаражат жинауды тоқтатпаған.
Нұрбек Бекбаудың айтуынша, Қазақстандағы Түркия елшілігінің әуежайда өз қоймасы бар көрінеді. Онда киіз үйлердің сертификатқа сай екенін тексеріп, Түркияға жіберу көзделіп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008750-qazaqstandyqtar-turkiyada-zilzaladan-zardap-sekkenderge-kiiz-alu-usin-18-mln-tenge-zinagan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.