Қазақстан зілзаладан зардап шеккен Түркияға 55 тонна гуманитарлық көмек жіберді (фото, видео)
Жарияланған күні:
Қазақстан жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл туралы елісіздің Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram арнасында хабарлады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жойқын зілзала аймағына зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да қажетті заттар жіберілді", делінген хабарламада.
Ведомствоның ақпаратынша, гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 55 тонна. Жүк әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтілді.
Еске сала кетейік, 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында жойқын жер сілкінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтып, үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
7 ақпан күні президент тапсырмасымен қазақстандық құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің алғашқы тобы көмек көрсету үшін Түркияның жер сілкінісі болған аймағына аттанды. 8 ақпанда апат болған аймаққа қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы барды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді, зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстан тұрғындары да, Түркиядағы Қазақстан азаматтары да зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетуде белсенділік танытуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009789-qazaqstan-zilzaladan-zardap-sekken-turkiyaga-55-tonna-gumanitarlyq-komek-ziberdi-foto-video/