Түркиядағы қазақ студент: 60-тағы кісі батасын беріп, Қазақстанға алғысын жаудырды
Жарияланған күні:
Түркиядағы қиын кезеңде қол ұшын созған қазақ еліне түрік халқының ықыласы ерекше. Болып жатқан жағдай тіпті жақындастырғандай. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілішісіне Түркияның Конья қаласында оқитын қазақстандық Жұлдыз Алмазқызы айтып берді.
Жұздыз Алмасқызы Ақтөбедегі жергілікті телеарналардың бірінде қызмет еткен. Қазір жас маман Түркия елінде білім алып жүр. Ол өзі қатарлас студенттермен бірге гуманитарлық көмек ретінде жіберілген киімдерді іріктеуге қатысқан.
"Түркияның Конья қаласында оқимын. Апат болған аймақ бізден әлдеқайда алыс. Ол жақты әлі көзіммен көрген жоқпын. Әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Бірақ гуманитарлық көмек ретінде жан-жақтан жіберілген киімдерді іріктеп жинауға осында оқып жатқан шетелдік студенттер болып көмектестік. Үлгере алмай әбіргерге түскен кез болды. Қазір ол науқан біткен секілді.
Көмекке өз еркімізбен бардық. Осы жақта білім алғаннан кейін осы елге деген құрметімізді көрсеткіміз келді. Қазақ елі "біз біргеміз" деп жатқанда осында жүріп, құр қол отыра алмадық. Кереметтей шаруа тындырмағанымызбен, қолымыздан келген көмекті аяған жоқпыз", - дейді Жұлдыз Алмасқызы.
Айтуынша, гуманитарлық көмек ретінде келген жүктің бір бөлігі Конья қаласындағы спорт кешенінің ішінде іріктелген. Шетелдік студенттер ересектер мен балалардың киімін пакеттерге бөліп салып, апат болған аймаққа жіберуге дайындаған.
"Конья - жер сілкінісі ошағынан алыс болғандықтан, мұнда қауіп жоқ. Оқиға болған кезде өзім ештеңе байқаған жоқпын. Бірақ сезгендер бар. Апат басталған күні Конья жастары қаржы жинау туралы бастама көтерді. Төтенше жағдайлар басқармасына қол ұшын созған Конья жастарына қазақстандық студенттер де қосылды. Бір күнде 2 млн теңгедей қаржы жиналды. Оны Түркия республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар басқармасының есепшотына аудардық", - дейді Жұлдыз.
Сондай-ақ Жұлдыз Түркияда жүрген қазақ студенттері Қазақстаннан жеткізілген киіз үйлерді құруға көмектесу үшін апат болған аймақтың біріне барғанын атап өтті.
"Мұнда қазақтарды өте қатты жақсы көреді. Болып жатқан жағдай тіпті жақындастырғандай. Алпысты алқымдаған кісі қазақстандық студенттерді тоқтатып, батасын беріп, еліме алғысын жаудырды. Қазақ елінің жасаған барлық жақсылығын жергілікті телеарналардан айтты. Мақтанышпен қарадық. "Қазақ бауырларымыз әлі күнге дейін қолданады екен. Суық өткізбейді. Ыстықта түндігін ашсаң ауа кіріп тұрады" деп киіз үйлерді бөлек көрсетті.
"Осындай кезде қол ұшын созды" деп қайта-қайта айтып жатыр. Түркияда дәл осындай зілзала 1999 жылы Мәрмәр теңізі аймағындағы қалаларда болған. Биылғы жағдайды "ғасыр апаты" деп атап жатыр", - дейді Жұлдыз Алмасқызы.
Еске салсақ, 6 ақпанда Түркия жойқын жер сілкінісі болып, ол көршіліс Сирияда да сезілді. Ресми дерек бойынша екі елде қаза тапқандар саны 44 мыңнан асқан.
Айта кетейік, Қазақстан жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөліп, қосымша 55 тонна, Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жіберді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010033-turkiyadagy-student-60-tagy-kisi-batasyn-berip-qazaqstanga-algysyn-zaudyrdy/