Оңтүстік Кореядағы қазақ азаматы ондағы жағдай туралы: Соңғы 10 күнде біраз қазақстандықтың шекарадан өткенін білемін
Жарияланған күні:
Он шақты күн бұрын болған екі қазақстандықтың Оңтүстік Корея шекарасын заңсыз кесіп өту оқиғасынан кейін ондағы отандастарымыздың жағдайы қалай? Оқиғадан соң жергілікті халықтың қазақстандықтарға деген көзқарасы қаншалық өзгерді? Оңтүстік Кореядағы Қазақ қауымдастығының негізін қалаушы Бекасыл Төлепбай KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, осы және өзге де сауалдарға жауап берді.
Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтардың басын әлеуметтік желі арқылы біріктірген қауымдастық жетекшісінің айтуынша, болған жағдайдан кейін ол жақта әзірге ешқандай өзгеріс байқалмайды.
"Өткендегі екі бауырымыздың істегені әрине, өкінішті. Олар да білместікпен жасаған шығар, бірақ заңды білмегені үшін жауапкершіліктен босатылмайды деген қағида бар. Кореяда әлі тергеу амалдары жүріп жатыр, нақты шешімі айтылған жоқ. Ал болған жағдайдан кейін Кореяда әзірге ештеңе өзгерген жоқ.
Сол оқиғадан кейін әлеуметтік желіде қазақстандықтарды жұмыстан шығарып жатқаны туралы жалған ақпарат тараған болатын. Міне, Кореяда жүргеніме бес жылдан асты. Біраз таныстарым бар. Бірақ олар сол екі қазақстандыққа бола жұмыстан шығып қалды немесе қазақстандықтарды жұмысқа алмай жатыр дегенді естімедім", - дейді Бекасыл Төлепбай.
Айтуынша, ол соңғы он шақты күнде шекарадан бірнеше қазақстандықтың кесіп өткенінен хабардар.
"Жалпы, Оңтүстік Корея әлемдегі ең қауіпсіз елдердің қатарында, бұл жақта шетелдіктерді қорқыту, үркіту әрекеттерімен бетпе-бет келген жағдай жоқ. Олар - заңға қатты бағынатын халық. Сондықтан қазақстандықтар болсын, тай азаматтары немесе ресейліктер болсын оларға қатысты қысым көрсету жағдайы туралы естімедік. Екі қазақстандықтың әрекеті мұнда келуге ниет білдіруші қазақстандықтарға зияны тиеді деген ойда емеспін. Болашақта осы жағдайға байланысты визасыз режимде қандай да бір өзгеріс орнауы мүмкін. Ол енді уақыттың еншісінде. Бірақ соңғы он шақты күн ішінде Оңтүстік Корея шекарасынан біраз қазақстандықтың өткенін білемін", - дейді ол.
Бекасылдың сөзінше, Оңтүстік Кореяға келген қазақстандықтарды кеденнен өткізудегі қатаң тәртіп бұрыннан бар. Өйткені, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында жұмыс визасы болмағандықтан, ел билігі бұл жаққа келе жатқан шетелдіктердің көбінесе туристік мақсатта деп кеденнен өтіп, осында қалып қалатынын біледі.
"Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяға кіре алмай кері қайту жағдайлары дәл сол екі қазақстандықтың әрекеті үшін деп айтуға болмайды. Олардың кеденнен өтуде дайындығы аз болған десек дұрыс болар", - деген пікірде ол.
Сол себепті Бекасыл Оңтүстік Кореяға келе жатқан азаматтарға келу мақсатына сай кеден қызметкерлері қойған сұрақтарға дайын болуы керек деп кеңес айтады.
Осы ретте ол шекараны заңсыз кесіп өтті деп күдікке ілінген екі отандасымыздың жағдайынан кейін Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргендерге жергілікті халықтың көзқарасы туралы да айтып берді.
"Екі бауырымыздың іс-әрекеті әрине, мұнда қоғамдық резонанс тудырды. Әсіресе, бұл оқиға осында жүрген шетелдіктер, ТМД мемлекеттерінен келген азаматтар арасында талқыланды. Жергілікті БАҚ та бұл туралы жаңалық таратты. Бірақ ол әзірге айтарлықтай өзгеріске алып келген жоқ. Қазақстандықтарға негативті көзқарас, қарым-қатынас болды дегенді естімедім. Бірақ болған жағдай Кореяның құқық қорғау органдарына жақсы бір сабақ болды деп ойлаймын. Себебі бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Енді өздерінің кедендік, шекаралық бақылау бойынша қызметтерінде қауіпсіздік жағын күшейтуі мүмкін", - дейді Қазақ қауымдастығының негізін қалаушы жігіт.
Қазақстандықтың пікірінше, бұл жағдайдың алдын алуға болатын еді.
"Ол үшін Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында еңбек келісімшартын жасау қажет деп тағы айтамын, бұл менің ғана емес осында жүрген қазақ қауымының тілегі", - деп атап өтті ол.
Сөз соңында Бекасыл қазақстандықтарға "Оңтүстік Кореяға ресми түрде жұмысқа тұрғызамын" дейтін алаяқтарға алданып, қалтадан қағылып қалмауға кеңес берді.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын екі отандасымыз Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынғанына қарамастан, аталған елге заңсыз кіріп кеткен еді. Көп ұзамай оның біреуі ұсталып, кейін екіншісі өз еркімен полицияға берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015468-ontustik-koreyadagy-qazaq-azamaty-ondagy-zagdai-turaly-songy-10-kunde-biraz-qazaqstandyqtyn-sekaradan-otkenin-bilemin/