Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттегі автобус қатысуымен болған жол апаты: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Опубликовано:

медициналық мекеме
Аурухана. Көрнекі фото: pexels.com

Шымкентте автобус қағып зардап шеккен екі адам ауруханада жатыр. Бірі Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасы, екіншісі Шымкент қалалық клиникалық ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент клиникалық ауруханасына жеткізілген 17 жастағы қыз баланың жағдайын дәрігерлер орташа ауыр деп отыр. Бойжеткен аурухананың нейрохиоургия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында.

"8 сәуір кешкі сағат 18:43-те жәдел жәрдем қызметіне шақырту түскен. Оқиға орнына барған 4 жедел жәрдем бригадасы зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, науқастарды жақын маңдағы ауруханаларға жеткізген. Нақтырақ айтқанда, зардап шеккендер облыстық балалар ауруханасына, перинаталдық орталыққа және қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Соның ішінде ауыр жарақат салдарынан 14 жастағы қыз бала ауруханада қайтыс болды. Қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылған 2005 жылғы науқастың жағдайы орташа ауыр, нейрохирургия бөлімшесінде ем алуда. Науқас дәрігерлердің бақылауында", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.

Ал Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасында жатқан науқастың жағдайы әзірге белгісіз. Портал тілшісі ведомствоға тиісті сауал жолдады.

Еске сала кетейік, 8 сәуірде Шымкенттегі "Метро" сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізуші басқаруынсыз автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан алты адамды қағып кеткен еді.

Салдарынан екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында, тағы бір кәмелетке толмаған қыз жансақтау бөлімінде көз жұмды.

"Оқиға орнына жеткен Шымкент қаласы ПД-нің жедел-тергеу тобы жүргізуші соңғы аялдамадан қарсы бағытқа бұрылып, автобусты қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткенін анықтады.

Қазір оқиға орнында анықтаушылар мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, автобустың жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін автотехникалық сараптама тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп мәлімдеген болатын Шымкент қалалық полиция департаменті.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016019-symkenttegi-avtobus-qatysuymen-bolgan-zol-apaty-zardap-sekkenderdin-zagdaiy-belgili-boldy/

pixel