Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Заңнаманы үш рет бұзды деп айыпталуда: СІМ Оңтүстік Кореяда ұсталған қазақстандықтарға қатысты жаңа мәліметті бөлісті

Опубликовано:

түрме
Түрме. Көрнекі фото: Рexels.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг кезінде Оңтүстік Кореяда ұсталған екі қазақстандықтың ісіне қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Айбек Смадияров 2023 жылғы 24 наурызда Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайында паспорттық бақылау кезінде Ташкент қаласынан келген Қазақстанның екі азаматына Корея Республикасына кіруге тыйым салынғанын атап өтті.

СІМ өкілінің айтуынша, олар депортацияны күту үшін арнайы бөлмеге орналастырылған. Алайда ол жерден түнде қашып шығып, Оңтүстік Корея аумағына заңсыз кірген.

Оның сөзінше, 26 наурызда бір қазақстандық ұсталса, 29 наурызда екіншісі өз еркімен берілген.

"Қазір олардың екеуі де Инчхон қаласының көші-қон орталығында тергеу изоляторында отыр. Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес тергеу шаралары 3 айға дейін созылуы мүмкін, содан кейін іс прокуратураға жолданды. Осыған байланысты Кореяның құзырлы органдары тергеу мүддесі үшін істің мән-жайын ашпай отыр.

Біздегі ақпаратқа сәйкес, аталған азаматтарға Оңтүстік Корея заңнамасын үш рет бұзды деген айып тағылып отыр: Біріншіден, иммиграциялық бақылау туралы заңды бұзу, елге заңсыз кіру. Екіншіден, иммиграциялық бақылау туралы заңнаманы бұзу, ел аумағында заңсыз болу. Үшіншіден, әуежай ғимараты мен оның нысандары туралы заңды бұзу. Материалдық шығын", – дейді Айбек Смадияров.

Ол Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен және аталған азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста екенін айта кетті.

"Олар сол елдің заңын бұзды. Әрине, олар сол елдің заңдары бойынша жазаланады. Бұл жағдайда депортация туралы сөз болуы мүмкін емес: бұл басқа елдің заңдарын өрескел бұзу. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды... Олар заң бұзды, қазіргі таңда оларды қайтару мүмкін емес, бұл талқылаулар орынсыз", – дейді Айбек Смадияров.

Сөз соңында СІМ өкілі Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарының жаппай жұмыстан босатылғаны туралы тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын тағы да мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл оқиға ресми түрде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына әсер етпеген.

Еске сала кетсек, наурыз айының соңында Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынғанына қарамастан, 18 және 21 жастағы екі Қазақстан азаматының Инчхон әуежайынан қашып кетіп, елге заңсыз кіргені туралы ақпарат тараған еді.

Көп ұзамай оның біреуі ұсталып, кейін екіншісі өз еркімен полицияға берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016203-zannamany-us-ret-buzdy-dep-aiyptaluda-sim-ontustik-koreyada-ustalgan-qazaqstandyqtarga-qatysty-zana-malimetti-bolisti/

pixel